Шымкенттегі 133 мектепте алғашқы қоңырау соғылды

0
3 027

Екі ауысымда оқытатын мектепте 40 оқу бөлмесі, жаңа үлгідегі 2 мультимедиялы-лингофонды кабинет, 4 информатика кабинеті бар.


Шымкенттегі 133 мектепте алғашқы қоңырау соғылды


Шымкент қаласындағы 133 орта мектепте алғашқы қоңырау үні сыңғырлады. Ал қала әкімі Ғабидолла Әбдірахимов "Бозарық" шағынауданындағы жаңадан ашылған №57 жалпы орта мектептің «Алғашқы қоңырау» салтанатты шарасына қатысты.


Шаһар басшысы барша ұстаздар мен шәкірттерді Білім күнімен және жаңа мектептің ашылуымен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

- Бүгінгі мектептің ашылу салтанаты Білім күні қарсаңына тура келіп отыр. Жаңа мектеп жаңаша жұмыс жасайды, нағыз білімнің ордасы болады деген ойдамыз. Орта білім беру деңгейінде жаңартылған мазмұнға көшу жұмыстары жалғасуда. Жаңа оқу жылынан бастап 3, 6 жəне 8 сынып оқушылары мазмұны жаңартылған бағдарламамен оқи бастайды, 5 және 7-сыныптарда «Өлкетану» курсы биыл алғаш рет енгізіліп отыр, - деді әкім.

Заман талабына сай жабдықталып, балалардың толыққанды білім алуына, салауатты өмір салтын қалыптастыруына жағдай жасайтын 900 орынды типтік мектеп 3 қабаттан тұрады.

Екі ауысымда оқытатын мектепте 40 оқу бөлмесі, жаңа үлгідегі 2 мультимедиялы-лингофонды кабинет, 4 информатика кабинеті бар. Сондай-ақ, 2 шеберхана бөлмесі, салауатты өмір салтын қалыптастыруға арналған спорт зал мен балалардың денсаулығын қадағалайтын медпункт те жұмыс істейді.

Айта кетейік, биылғы жаңа оқу жылында Шымкент қаласындағы 133 мектеп 178 297 оқушыны қабылдаса, оның ішінде 22 мың бала 1 сыныпқа барады.