Қазақстан футбол федерациясы талантты футболшыларды ауылдан іздейді

0
1 014

Жаңа жобаның басты ерекшелігі оған тек ауылдың балалары ғана қатысады.


Қазақстан футбол федерациясы талантты футболшыларды ауылдан іздейді

иллюстрациялық фото

Қазақстан футбол федерациясы жаңа жобаны қолға алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы спорт журналисі Ермұхамед Мәулен facebook парақшасында жазды.

"Бәріміз таланттар ауылда деп жүрміз. Онда сол ауылға барып таланттарды іздеу керек шығар?! Ол үшін "Ауылымның алаңы" атты жарыс бастадық. Кәнігі "Былғары доп" деген секілді жарыс. Бірақ, басты ерекшелігі тек ауылдың балалары ғана қатысады.

Мысалы, Арал ауданы, Қарақұм ауылының балалары өз ауылдық округынде жеңіске жетсе, сосын ауданның чемпионы атанса, ары қарай Қызылорда облысының чемпионы болуы да мүмкін ғой. Кейіннен, олар Астанада өтетін финалдық кезеңге келеді. Осылайша 14 облыстың чемпиондары "Астана Аренада" үздік ауыл командасын анықтайды. Жас ерекшеліктері екі санатқа бөлінеді. 8-9, 10-11 жас деген секілді. Үздік шыққандарды марапаттап, ауыл балаларын Бәйтерекке апарып қыдыртып, Ұлттық құраманың ойынын стадионнан тамашалатып, фотосессия жасатқызып бір мереке жасаймыз. Сонда 28 команданың 350 ге жуық жас жеткіншегі футболға қадам басады дей беріңіз.

Олардың ішінде үздік шыққан балаларды Қазақстан құрамасының бас бапкері Талғат Маруаұлы Байсуфинов пен Жастар құрамасының бапкері Қайрат Жұмабекұлы Нұрдәулетов анықтайды. Әр командадан көзге түскен ауыл балаларын облыс орталықтарындағы футбол мектептеріне алдыртамыз. Шалғайда жатқан ауыл балаларының футболшы болуға бір мүмкіндігі ашылады. Кейін ұлттық құрама сапына алынып, Германия қақпасына гол салған кезде "Ауылымның алаңы" жобасынан шыққан бала еді ғой деп мақтанып, айтып отырамыз. Идеяның авторы – Әділбек Жақсыбеков екенін де айта кетейін. Әр облыстағы федерацияларға тапсырма беріп, осы жобаны қолға алайық деп белсенділік танытқан ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтхожиннің де ауыл балаларынан үміті зор. Бұл жоба 2022 жылы сәуір айына қарай басталады. Оған дейін ауылдағы ағайындарға айтып, дайындыққа кірісіңіздер, жаңа жарыс басталады деп мына жазбаны бөлісе беріңіздер, делінген жазбада.

Бір команда сапында 1 қақпашы, 5 ойыншы болады. Жарысқа бірнеше ауыл бірігіп құрама команда жасап шығарса да болады. Бірақ, 14 футболшыдан тұратын өтінішті жарыс аяқталғанша сақтауы тиіс", - деп жазады Ермұхамед Мәулен.