Қазақстандық дзюдошы жазғы Универсиадада қола жүлдегер атанды

0
853

28 шілдеде Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сычуань провинциясының Чэнду қаласында Дүниежүзілік жазғы Универсиада басталды.


Қазақстандық дзюдошы жазғы Универсиадада қола жүлдегер атанды

ERNUR.KZ. Салтанатты ашылу рәсімі жұма күні кешке Қытайдың Чэнду қаласындағы спорт стадионында өтіп, Қытай төрағасы Си Цзиньпин Универсиаданың ашылу салтанатына келді, деп жазады inbusiness.kz.



Дәстүр бойынша қазақстандық спортшылар Чэнду қаласында өтіп жатқан ХХХІ Дүниежүзілік жазғы Универсиаданың ашылуында делегациялар шеруіне қатысты. Биылғы Универсиадада Қазақстан құрамасының жалауын Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының 3-курс студенті, дзюдошы 19 жастағы Қаблан Нұрсұлтан алып шықты. Бүгінгі таңда Нұрсұлтан дзюдодан Қазақстан Республикасының спорт шебері, дзюдодан Қазақстан ұлттық және жастар құрамасының белсенді мүшесі.

Айта кетейік, Универсиадада 18 спорт түрінен 269 медаль сарапқа салынады. Бұл жарысқа садақ ату, гимнастика, жеңіл атлетика, семсерлесу, дзюдо, жүзу, үстел теннисі, таэквондо, ушу сияқты 11 спорт түрінен 93 спортшыдан тұратын Қазақстанның спорттық студенттік құрамасы қатысуда. Қытай биыл 2001 жылы Бейжіңде және 2011 жылы Шэньчжэньде өткен Дүниежүзілік жазғы Универсиададан кейін үшінші рет жазғы универсиада ойындарын өткізіп отыр. 31-ші Дүниежүзілік жазғы Универсиада 8 тамызға дейін жалғасады.

Ел құрамасынан 2023 жылғы Жазғы Универсиададағы алғашқы медальді Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенті, дзюдошы Сұңғат Жұбатқан 66 келі салмақта қола медаль жеңіп алды. Жартылай финалда Жұбатқан 19 жастағы жапониялық Хаттори Шинсейден (Универсиаданың алтынын алған, былтыр Токиода өткен "Grand Slam" турнирінің финалына шыққан) жеңіліп қалды. Үшінші орын үшін болған белдесуде қазақстандық өзбекстандық Абдурахим Нутфуллоевты жеңді. Cұңғат маусым айында Душанбеде өткен Гран-при турнирінде қола жүлдегер атанып, Астанада өткен "Grand Slam" турниріне қатысқан. Сондай-ақ 2015 жылы кадеттер (18 жасқа дейінгі) арасында Азия чемпионы атанды.