Теннис: Зарина Дияс Жапониядағы жарыстың жеңімпазы атанды

0
1 385

Зарина Дияс жүлде қоры 80 мың АҚШ долларына бағаланған жарыстың чемпионы атанды.


Теннис: Зарина Дияс Жапониядағы жарыстың жеңімпазы атанды

ERNUR.KZ. Қазақстандық теннисші Зарина Дияс Жапониядағы Гифу ITF турнирінің жеңімпазы атанды, деп жазады ҚазАқпарат.

Осы турнирдің үшінші, әлемнің 115-ракеткасы З.Дияс финалда рейтингте 190-орында тұрған тайваньдық Энь Шо Лянмен күш сынасты. Қазақстандық теннисші қарсыласын 6:0, 6:2 есебімен ойсырата жеңді. Бәсеке бір сағаттан сәл астам уақытқа созылды. Осылайша Зарина Дияс жүлде қоры 80 мың АҚШ долларына бағаланған жарыстың чемпионы атанды.

Жалпы, Заринаға жапон жері жағады деуге болады. Бұдан екі жыл бұрын қазақстандық теннисші Токио турнирінің жеңімпазы атанған еді. Бұл оның WTA турнирлеріндегі алғашқы жеңісі болатын. Аталмыш табыс әзірге жалғыз болып тұр. Енді алдағы уақытта осыны жалғастырып, бәсі мен деңгейі ITF-дан жоғары WTA жарыстарында сәтті өнер көрсетсе, рейтингісі де жоғарылар еді.

Осы айдың аяғында басталатын, теннисті тамашалайтын бүкіл әлемнің назары ауатын Париждегі Ролан Гаррос турнирінің жөні тіптен бөлек. Юлия Путинцева екеуіне сол жарыста жолы болса, табар табыстары да молая түсер еді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Зарина Диястың Гифу турнирінің ширек, жартылай финалдарынан өтіп, финалға жолдама алғанын, тағы бір қазақстандық Юлия Путинцеваның Мадрид турнирін жеңіспен бастағанын жазған болатынбыз.

Тағы бір қазақстандық Дмитрий Попко АҚШ-тағы Веро Бич ITF турнирінің финалына шықты. Ол соңғы бәсекеде америкалық, осы турнирдің екінші, әлемнің 400-ракеткасы Секу Бангура немесе Эквадор елінің өкілі Диего Идальгоның біреуімен чемпиондық атақ үшін таласады.