КҮЙЕУІҢІЗ көпшілік көзінше БОҒАУЫЗ СӨЗ айта берсе, себебі МҰНДА

0
5 808

Жеке жүргенде «жаным» деп, жұрт алдына жекіріп сөйлейтін күйеулер бар.


КҮЙЕУІҢІЗ көпшілік көзінше БОҒАУЫЗ СӨЗ айта берсе, себебі МҰНДА

Кей ер-азаматтар әйеліне жұрт көзінше басқаша, оңаша кездерде басқаша қарым-қатынас жасайды. Әйелінің бар жағдайын жасайды, қамын ойлайды. Арасында сыйлығын беріп, көңілін аулауды да ұмытпайды. Бірақ, ағайын-туыстарының не достарының ортасында мүлде басқа адамға айналып шыға келеді. Жұрт көзінше кекетіп, кемсітіп сөйлеуге құмар. Достарының ортасында отырғанда орынсыз айыптап, боғауыз сөздерге де жол береді. Неге өйтеді? Әйеліне өктем сөйлеу арқылы адамдар алдында абыройын арттырам деп ойлай ма? Әлде, жарын төмендету арқылы өзін жоғары көтергісі келе ме? Мұны қалай оң жоға қоюға болады?


Күйеудің әйелін кемсітуі, боғауыз сөзбен ар-намысын таптауы мынандай себептердің бірінен туындауы мүмкін:

  • Өз ата-анасынан көргені. Яғни, бала кезінен әкесінің анасына солай ақырып-жекіріп сөйлегенін көріп өссе, бала оны қалыпты арақатынас деп қабылдайды. Кейін өзі отбасын құрғанда әкесінің әрекетін қайталап, әйелін кемсітуді ар санамайтын болады. Әйел ерінің мұндай әдеттеріне шыдауы керек деп есептейді. Себебі, өз анасы төзді ғой.
  • Өзіне сенімсіздік. Кейде ер-азамат әйелінің өзінен басымырақ, мықтырақ, өзінің одан төмендеу не әлсіздеу екенін іштей мойындайды. Мұндайда тек ерік-жігері мықтылар әйелінің дәрежесіне жету үшін алға ұмтылып, өзін дамытады. Ал, әлсіздеу, өзіне сенімсіздер іштей мүжіледі. Сосын автоматты түрде әйелін төменге тартып, өз деңгейіне түсіруді ойлайды. Кемсітіп сөйлеу осыдан басталады.
  • Басқа әйелмен салыстыру. Ер-азаматтар жұбайын көбіне өз анасымен салыстырады. Көз алдында анасы қалыптастырған «әйел» образына сәйкес келмесе, осы үшін жазғырып, орынсыз сөгуге жол береді. Ең жаманы, бұрынғы сүйіктісімен, досының, көршінің әйелімен, жұмыстағы қызметтестермен салыстырып отыратындар да кездеседі.
  • Қиындықтардан шаршау. Қызметте туындаған, жеке өмірде орын алмай тұрмайтын, бірінен соң бірі тізіліп келе беретін мәселелер кімді де болсын шаршатады. Әсіресе, отбасында күрделі мәселенің ауыр күші көбіне ер-азаматтың арқасына салмақ. Осының бәрінен қажыған күйеу жиналып қалған негативті эмоциясын отбасына, оның ішінде әйеліне келіп төгеді.
  • Сезімнің сууы. Отбасы қаншалықты маздаған махаббатпен құрылса да, уақыт өте келе ол сезім басылады. Лаулаған от біртіндеп шоққа, кейін күлімсі күлге айналады. Бір кезде қол жетпес арманы болған ару қазір күйеудің көзіне басқалардан еш айырмасы да, артықшылығы да жоқ, есесіне, кемшілігі көп қарапайым көптің бірі болып көрінеді. Оны сыйлауға, құрметтеуге, әр сөзін елеп-екшеп айтуға еш себеп жоқтай. Қалай болса солай сөйлеу осыдан басталады.
  • Әйел тілінен табады. Мойындау керек, мұндай жағдай да жоқ емес. Әйелдің аузынан шыққан әр артық ауыз сөз, орынсыз пікір, ащы тілмен айтылған ой күйеудің оған өзінен асыра жауап қайтаруына себеп болады.
  • Қарсылығын, келіспеушілігін, наразылығын басқаша жеткізе алмайды. Яғни, ол жігіттің тәрбиесінде өзінің ренішін, пікір қайшылығын, келіспеушілігін адекватты түрде, жай сөзбен айтып жеткізу үйретілмеген. Ол өзінің ой-пікірін тек айқаймен, ауыр сөзбен ғана өткізуге, сол арқылы ғана жеңуге болады деп санайды.


Осы аталғандардың бірі сіздің күйеуіңіздің басындағы жағдай болуы мүмкін. Себебін таптыңыз делік. Ендігі мәселе – не істеу керек? Отбасы тыныштығы үшін көндігу ме әлде қарсы шығып, мұндай әдетін қойдыру ма? Намысын таптағаны үшін қолын бір сілтеп, ажырасуды қолға алатындар да бар. Қай шешім дұрыс?

Әрине, ажырасу – алдымен қабылданатын шешім емес. Оны соңғы орынға ысыра тұрыңыз. «Не десе де, өз күйеуім ғой, көнем де» деп үнсіз қалу да дұрыс болмас. Қалай дегенмен де, ешкімнің өзге біреудің ар-намысына тиетін ауыр сөздер айтуға қақысы жоқ. Оның үстіне, күйеуі балағаттап, әйелі оны үнсіз қабылдаған отбасыларда дәл осы формула баласының бойына сіңіп, жалғасын тауып кете беруі мүмкін. Бұл – дұрыс тәрбие емес.

Ең дұрыс әрі бірінші жасалуға тиіс қадам – қарсылық білдіру. Тек, әйелдің қарсылығы да күйеудің «тілінде» болмағаны абзал. Яғни, күйеуім сөйтті екен деп, сіз де ойыңызды балағат сөзбен, қатты айқаймен жеткізбеңіз. Жаймен сөйлесіп, түсіндіруге тырысыңыз. Егер негізгі себеп – өз ата-анасынан көргені болса, әрбір айтқан ауыр сөзі жүрегіңізді қалай ауыртатынын, жаныңызға бататынын біліріңіз. Бұл әрекетінің айналадағы адамдарға кері әсерін, әсіресе, өсіріп отырған балаларыңыздың болашағына қандай ықпалы барын – бәрін-бәрін бірге талқылап көріңіздер. Еріңіздің өз айтқан сөздерін ақылға салып ойлануына мүмкіндік беріңіз.

Ал мәселе өзіне деген сенімінің аздығында болса, күйеуіңіздің өзін бағалауымен жұмыс жасап көріңіз. Жеке қалғанда да, көпшілік ортасында да, балаларының алдында да жиі мақтап-мадақтаңыз. Жеткен жетістігі мен жасаған игі ісі елеусіз қалмасын. Ақыл-кеңес сұрап, айтқандарын жасау арқылы өзіңізден биік қоятыныңызды, одан көп нәрсе үйренетініңізді білдіріңіз. Осылайша өзіне деген сенімін қалыптастыра аласыз.

Басқа әйелмен салыстыру жағдайында да мұның қаншалықты жағымсыз әсер ететінін түсіндіру арқылы шешуге болады. Өзіңіздің жеке тұлға екеніңізді, ешкімге ұқсамайтыныңызды, ұқсауға міндетті де еместігіңізді тәтті тіл, жылы сөздің көмегімен ұқтырыңыз. Бастысы, еріңіз өз әрекетінің бұрыстығын жете түсінсе болғаны, бірте-бірте жөнге келеді.

Егер еріңіз жұмыс пен үйдегі мәселелерді шешем де шаршап жүрсе, ол отбасы үшін тырысып жүр деген сөз. Сіз де оған көмектесіңіз. Алдына түсіп алып бірге тау қопарыңыз демейміз. Тек, үйге келгенде барынша жанына жайлылық сыйлауға тырысыңыз. Балаларымен ойнағанды жақсы көретін болса, келген кезде алдынан жүгіртіп жіберіңіз. Кішкентайлардың шуылына шыдамайтын болса, күйеуіңіз келгенше тамақтандырып, ол үйде болғанда тыныштық сақтауға үйретіңіз. Осылайша өз еріңіздің ыңғайына қарап, үй ішінде оған ұнайтындай жағдай мен атмосфераны қамтамасыз етіңіз. Сонда сізге қарай агрессиямен атылуы да азаюға тиіс.

«Сезіміміз суып кетті, содан-ау» десеңіз, оның да шешімі бар. Романтикалық кеш ұйымдастырып, баяғы сезімге толы күндерді есіне салыңыз. Өзіңізге күтім жасап, әлі де сол қалпы жас әрі сұлу екеніңізді көрсетіңіз. Орынды әрекет, орнықты пікір, дұрыс мінез-құлықпен ақылды да дана, жоғары бағалауға тұрарлық әйел екеніңізді ұқтырыңыз. Сізді бұрынғыдан да бетер сыйлап, жақсы көруге себеп болатындай қырларыңызбен таныстырыңыз.

«Өзімнен де бар, кейде тілімді тыймаймын» десеңіз, ары қарай немен жұмыс істеу керек екені өзіңізге де аян. Тіліңізден ащы у емес, тәтті бал тамызуды үйреніңіз.

Бұл айтылғандардан бөлек, алкогольге, басқа да зиянды әдеттерге құмарлық, психологиялық ауытқу жағдайлары да болатынын жасырып қайтеміз. Өкінішке орай, мұндай кезде жай ғана сөйлесу, түсінісу әдісі көмектесе алмайды. Өйткені, осы тектес әлсіздігі бар ер-азаматтар өзінің әрекетін, сөздерін бақылауға, басқаруға қауқарсыз екені түсінікті. Сондықтан, бұл жағдайда сіздің ғана емес, ата-ана, басқа да туыс-достарының және арнайы мамандардың көмегі қажет. Бірінші кезекте тәуелділіктен, зиянды әдеттерге құмарлықтан құылу үшін жұмыс жасау керек. Тәртіп, тәлім-тәрбие, қарым-қатынас жайлы содан соң барып сөз етуге болады.

Егер «жоғарыда айтылған әрекеттің бәрін жасап көрдім, күйеуім еш өзгермеді, бұдан әрі төзбеймін» десеңіз, сізді де түсінуге болатын шығар. Өйткені, расында да, арамызда ондай адамдардың да бары рас. Сондықтан, ары қарайғы шешім өзіңізге қалады. Қалай болғанда да, өз өміріңіздің құрылысшысы – өзіңіз ғана.

Дайындаған: Бек КЕРІМ,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


Жалқау еркектің "жанын шығаруға" арналған 10 кеңес


Өзіне КӨҢІЛ БӨЛМЕЙТІН ата-ана баласына ТЕЗ АШУЛАНАДЫ