АРЫС: Атқарылған жұмыстарға арыстық алғысын білдірді (видео)

0
922

Арыс қаласын қалпына келтіру мақсатында Қарағанды облысының қарамағына 5 сектор берілген.


АРЫС: Атқарылған жұмыстарға арыстық алғысын білдірді (видео)

Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайға байланысты қала аумағын қалпына келтіру бойынша Қарағанды облысы өз жұмысына кірісіп кетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Арыс қаласының тұрғын үйлерін қалпына келтіру мақсатында қала аумағы бүгінде 17 секторға бөлінгені белгілі. Бөлінген секторлардың бірі 5-сектор - Қарағанды облысына тиесілі. Бүгінде 5 сектор қарамағына 11 көп қабатты тұрғын үй оның ішінде 519 пәтер, 72 жеке тұрғын үй, 10 мемлекеттік мекеме, 37 бизнес нысандар бөлінген.

«Кешеден бастап кірістік. 22 пәтерде терезелер ауыстырылды. Барлық тұрғын үй иелерімен кездестік. Қазір 60-қа жуық пәтер қалды, олардың иелерін іздестіріп жатырмыз, әлі келмегендер бар. Қазіргі таңда 480 тұрғын үйдің терезесін өлшеп шықтық, бүгінде олар дайындалып жатыр. 2-3 аптаның ішінде терезелердің бәрін бітіреміз», - деді Қарағанды облысының құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Абзал Майлыбаев.

Аталған құрылыс жұмыстарына жергілікті мердігер мекемелердің отандық өнімдері қолданылып жатыр.

«Келгенімде терезенің әйнегі бөлмелерде шашылып жатты. Шымкенттен келген күні жігіттер келіп тереземді өлшеп кетті. Бір күннен кейін келіп терезені орнатып кетті. Біз таңқалып қалдық. Жарайсыңдар! Осында атсалысып жүрген жігіттерге алғысым шексіз», - дейді Арыс қаласының тұрғыны Мария Фёдоровна.