Білім саласындағы жемқорлықты жою туралы конференция өтті

0
1 629

​Білім мен тəрбиені ұштастырып, кемел келешекті ұрпақ қалыптастыру үшін мектептерде жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа жол берілмеуі керек. Кез келген ақша жинау түріне мектептерде тыйым салынады. Бұл туралы білім саласының жауаптылары бас қосқан отырыста шегеленіп айтылды.


Білім саласындағы жемқорлықты жою туралы конференция өтті

ҚР Мемлекеттік қызмет істері жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл Агенттігінің төрағасының орынбасары О.Бектеновтың төрағалығымен бейнеконференция өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

ҚР Білім жəне ғылым вице министрінің қатысуымен Ұлттық бюроның ғимаратында орта білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мəселелері бойынша бейнебайланыс ұйымдастырылды. Бұл басқосуға еліміздің барлық облыстары мен қалаларының білім басқармаларының басшылары мен мектеп директорлары қатысты. Мектепте білім алып жүрген жас буын жастайынан жемқорлықтың куəсі болып, санасына сіңіруі қауіпті құбылыс. Қоғам дертін қалыпты жағдай ретінде қабылдап өсуі ғажап емес. Сондықтан да бүгінгі іс шараны өткізуді бел байладық дейді ұйымдастырушылар.

Айбек Шілманов, Мемлекеттік қызмет жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша басқармасы бастығының орынбасары: "Мектептерде үйірмелерге, қосымша сабақ, тестілеуден өткізу, мəдени іс шараларға арнайы ақша жинап, ата-аналарды мəжбүрлі қатыстыруға болмайды. Бұған жол берілмеуі керек. Ақша жинаудың кез келген түрінің артында жемқорлық тұрады. Бұған алып келетін барлық себептерді жоюуымыз керек. Бүгінгі республикалық деңгейдегі жиынның мақсаты білім беру ұйымдарындағы жемқорлықтың алдын алудың озық тəжірбиесімен бөлісу."
Агенттік өкілдері айтып өткендей, білім ұяларында, яғни мектепте қандай да бір үйірмеге ақылы қатыстырыу, немесе қосымша ақылы сабақ өткізуге болмайды. Айта кетейік, биыл əр мектептің жанынан қамқоршылық кеңестері жұмыс істеуде. Бұл қоғамдық ұйымның қызметі туралы да келелі кеңесте егжей тегжейлі айтылды. Өйткені, кеңестегі мұғалімдер тарапынан қойылған сұрақтардың дені осыған саяды.
Сондай ақ қоғам белсенділерін, қоғамды мектеп жұмысына тарту, мектептің қоғамға ашықтығын қамтамасыз ету де жиынға өзек болды. Биыл жұмысы жанданған əр мектептегі қамқоршылық кеңесінің қызметі ресми заңдастырылуы қажет. Олардың өз есеп-шоты болуы керек. Бұл қоғамдық ұйымның жұмыстары туралы əлі түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Ақерке Абылайхан, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы: "Ұлттық бюромен жəне Агенттікпен бірлесе отырып, түсіндірме жұмыстарын жүргізетін боламыз. Əр баладан мектеп қажеттілігі үшін ақша жинау заңсыз. Ал мектеп жанындағы қамқоршылық кеңестері заңнамалық тұрғыдан қалай жұмыс істеу керектігі айтылды. Олар ресми тұлға ретінде тіркелген болса, түсіп жатқан қаражат ашық болатын болса, арнайы есеп шот арқылы жұмыс істеуге болатындығы түсіндірілді. Сондықтан осы ұйымдармен бірлесе отырып, барлық мектептерде түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Өйткені, бұл жиынға мектеп директорлары түгел қамтылған жоқ. Жалпы, білім саласы, əсіресе, мектеп қоғамға, елге ашық болуы қажет" Қазақстанның үшінші мегаполисіндегі 134 мектеп директорларының тең жартысынан көбі бүгінгі талқыға түскен тақырыпты тыңдап, құзыретті тұлғалардың əңгімесіне қанығып қайтты.
Жанар Жорақызы. No23-ші мектеп лицейдің директоры:"Халықтың талабы біреу-саналы тəрбие мен сапалы білім. Бұл бағытта жұмыс істеуден танбаймыз. Биылғы жылғы тамыз конференциясына мегаполис атанған Шымкент қаласынан алғаш рет 16 қатысушы бардық. Аталған жиынның да бізге берері мол болған еді. Балаға мектепті таңдауға биылғы жылы ата-ана құқылы болды. Шілдедегі қаулыға сəйкес, баланы мектепке қабылдағанда мекенжай анықтама талап етілмейді. Электронды түрде интернет арқылы өтініштер қабылдады. Бұл да бір халықтың сапалы білімге деген сұранысы нормативтік құқықтық актілер арқылы қорғалып, жүзеге асырылып жатыр."
Мемлекеттік қызмет жəне сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрек Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментіндегілер мектептердегі цифрлық жүйеге өту жұмыстары да жемқорлықтың алдын алуға үлкен сеп екендігін айтып отыр.