Келес ауданының әкімі ауыл тұрғындарымен кездесті

0
3 097

Кездесу барысында атқарылған жұмыстар мен әлеуметтік жағдайлар айтылып, тазалық мәселесі басты назарға қойылды


Келес ауданының әкімі ауыл тұрғындарымен кездесті

Атқарушы органдар жұмысының ашықтығын, жариялығын қамтамасыз ету, халықтың талап-тілегін тыңдау, атқарылып жатқан жұмыстарды түсіндіру мақсатында Келес ауданының әкімі Ақментай Есбаев және аудан прокуроры Бақыт Сейфолла халықпен кездесу үшін Келес ауданының Ақтөбе ауылдық округіне сапармен барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ аудан әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сапар барысында аудан әкімі мен аудан прокуроры Ақтөбе ауылдық округінде орналасқан А.Оразбаева атындағы жалпы орта мектебінің жағдайымен танысты. Содан соң округ аумағында орналасқан мәдениет үйінде болып халықпен кездесу өткізді. Кездесу барысында атқарылған жұмыстар мен әлеуметтік жағдайлар айтылып, тазалық мәселесі басты назарға қойылды.

Яғни, әрбір тұрғын аула тазалығы мен көше тазалығын сақтауға шақыруды тапсырды, ал жиынға қатысушылар айтылған мәселелерді қолдады. Аудан әкімі Ақментай Есбаев Ақтөбе ауылдық округінің тұрғындарымен арнайы кездесуінде әлеуметтік жағдайларды талқылады. Аудан әкімі көше бойлары мен ашық дала жерлерінің тазалығын тұрақты сақтау үшін халық арасында үгіт-насихат жүргізулерін және көше комитеттерінің жұмысын жандандыру керектігін тілге тиек етті.

Сондай-ақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуде ұлтаралық татулықты нығайту мен сақтау, зорлық-зомбылықты алдын алу, құқық бұзушылық және өзіне–өзі қол жұмсау іс-әрекеттерін болдырмау, мектеп ұстаздары мен оқушыларының тәрбиесі мен біліміне үлкен көңіл аудару мәселелері талқыланып, ауыл тұрғындары атынан ұсыныстар айтылды.

Жиын соңын ауыл ақсақалдары қорытындылап, бүгінгі таңда ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын көтеру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстарға алғыстарын білдіріп, қолдау көрсететіндерін жеткізді.