Мақтааралдың әкімі Б.Асанов, газы жоқ ауылдың әкімін тыңдады

0
1 380

Мақтаарал ауданының әкімі көгілдір отыны күні бүгінге дейін өзекті болып отырған А.Қалыбеков ауылдық округіне барып, ауыл әкімінің есебін тыңдады. Өзі де ел алдында өткен жылғы жұмысына есеп беріп, елдің тіршілігімен танысып қайтты.


Мақтааралдың әкімі Б.Асанов, газы жоқ ауылдың әкімін тыңдады

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов аудан тұрғындарымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жоспар бойынша аймақ басшысы А.Қалыбеков ауылдық округінің әкімі Молдабек Битеміровтың есебін тыңдады. 2018 жылы аталған округтің диқандары 4209,11 гектар егістік алқапқа мақта, жүгері, жоңышқа, бақша, күріш, көкөніс, қызылша дақылдарын егіп, барлығынан жоғары өнім жинаған. Мәселен, округте бақша дақылдарынан 199 000 тонна өнім өндіріліп, қауын-қарбыздың басым бөлігі ТМД елдеріне экспортталған. Округте мал басын сырғаландыру мақсатында 1736 бас уақ малына сырға салыныпты. Мал дәрігерлік іс-шаралары уақытылы, сапалы жүргізілгендіктен жұқпалы, қауіпті аурулар биыл мүлде болмаған. Үстіміздегі жылы А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Үлгілі ауылының Т.Сопиев көшесіне жергілікті бюджет есебінен орта жөндеу жұмыстары жасалған. Жаңа жол ауылындағы жаңадан ашылған Жоба көшесіне, Жамбыл ауылындағы жаңадан ашылған Жоба көшесіне тас төсеу жұмыстары жүргізілген. Атамұра ауылындағы А.Оспанов, Ш.Тұрғанбаев көшелеріндегі электр бағаналары жаңартылған. Сондай-ақ, дәл осы ауылдағы Қ.Қайсенов жалпы орта мектебінің 300 орындық жаңадан құрылысы басталған ғимаратына 921 622 122 теңге қаржы бөлініп, мердігер «Три-А+» ЖШС–і тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізілуде екен.

Сонымен қатар, Атамұра ауылындағы А.Оспанов көшесі мен М.Сейдахов көшесіне қиылысатын ұзындығы 200 метрлік жолға демеушілер есебінен асфалть төселінген. Дәл осылай «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Үлгілі ауылынан «Ерсұлтан» спорт кешені ашылып, жас балаларды спортқа тарту мақсатында жұмыс жасалуда.

Алайда, А.Қалыбеков ауылдық округіне газ жүйесінің тартылғанына 3-4 жылдың көлемі болған. Десе де, мұндағы елдімекендерді көгілдір отынға қосу әлі күнге мүмкін болмай тұр. Жергілікті жұрт «аудан басшылығына талай рет айттық, бірақ нәтежие болмай тұр. Құр уәдемен ауызды құрғатып кете береді»,-деп отыр.

Құрылғанына көп уақыт болған құбырлар шіріп кетуі мүмкін екенін айтады. Егер, газ жүйесі жарамсыз хәлге түссе, мемлекеттің миллиондары ауаға кетпек.