Түркістан тарихы күллі қазақтың тарихы. Сондықтан қасиетті Түркістанға деген мақтаныш сезімі әр қазақтың жүрегінде ұялаған. Түркістан бізге ғана емес, Түркі жұртына ортақ қасиетті мекен. Алғаш ел егемендігін алған жылдары Түркия мемлекеті біздің тәуелсіздігімізді мойындап, ел басқарған басшылармен осында Ахмет Ясауи университетін құрған болатынбыз. - Н.Назарбаев
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанға ресми іс-сапары барысында Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағындағы "Этноауыл" алаңында ұйымдастырылған "Түркістанға оралу" салтанатты іс-шарасына қатысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Әрі облыс тұрғындарын Түркістан облысының құрылуымен құттықтап, жылы лебіз білдірді.
"Бұл еліміздің қуаты артып, қарыштай түскенінің көрінісі. Аталған шешімдер Оңтүстік өңірдің әлеуметтік жағдайын түзеп, елге жұмыс беріп, мына жерде еліміздің керемет шаһары өседі деп сенеміз. Қадірлі түркістандықтар! Халқымыз үшін тарихы бай, тағлымы терең Түркістанның еліміз үшін орны бөлек. Ол - Орта азиядағы ең көне қалалардың бірі. Естеріңізде болса 2000 жылы қасиетті Түркістанның 1500 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде атап өтіп, оны бір көтердік. Соңғы деректерде күлтөбеден табылған архелогиялық жадыгерлер оның кемінде 2 мың жылдық тарихы бар екендігін дәлелдеп отыр. Түркістан - Қазақ елінің рухани жүрегі. Ғасырлар бойы еліміздегі айтулы оқиғалардың бел ортасында жүрген тарлан тарихтың көнекөз куәгері. Қала екі ғасыр бойы Қазақ хандығының бас ордасы болды. Ел тағдыры сынға түскен алмағайып кезеңдерде ұлт болашағына байланысты көптеген шешімдер дәл осында қабылданып отырды. Түркістан тарихы күллі қазақтың тарихы. Сондықтан қасиетті Түркістанға деген мақтаныш сезімі әр қазақтың жүрегінде ұялаған. Түркістан бізге ғана емес, Түркі жұртына ортақ қасиетті мекен. Алғаш ел егемендігін алған жылдары Түркия мемлекеті біздің тәуелсіздігімізді мойындап, ел басқарған басшылармен осында Ахмет Ясауи университетін құрған болатынбыз. Түркістан талай ғасырлар бойы Қап тауынан Қашқарияға дейін мекен еткен халықтар зиярат етіп келетін қастерлі орын. былтыр Түркі мемлекеттері Түркістанды "Түркі дүниесінің мәдени астанасы" деп жариялады. Осыған орай Тркісойдың қолдауымен мұнда 40-тан астам ауқымды шара өткізілді. Осының барлығы бізді бүгінгі шешімге алып келіп, Түркістанды облыс орталығы деп жариялауға себеп болды", деді Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев.
Сондай-ақ, Президент Түркістанның түркі халықтары үшін де аса маңызды қала екендігіне тоқталып, қабылданған Жарлыққа сәйкес қала жаңа биіктерді бағындыратынына сенім білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанды ілгерілету ісінде барша тұрғындарға табыс тіледі.
Жиында Түркістан қалалық ардаргерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенұлы Елбасының бұл Түркістанға 15-сапары екендігін айтып, ел үшін атқарып жатқан ерен еңбектеріне алғыс білдірді.
Сонымен қатар, Түркістан қаласының тұрғыны, білім саласының қызметкері Зияева Мөлдір облыс орталығы атанған Түркістан қаласына Мемлекет басшысының 29 қыркүйектегі сапарына орай қала күнін осы датаға белгілеуді ұсынды. Елбасы тосын ұсынысқа өз разылығын білдірді.
Алқалы жиында Түркістан жұрты ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевты зор ықыласпен шығарып салды.