«Сбербанк» АҚ ОҚО-ның екі қаласынан өз бөлімшесін ашуға қызығып отыр

0
1 105

Кездесу барысында қонақтар Түркістан қаласы мен Сарыағаш ауданынан банктің филиалдық бөлімшелерін ашуды ұсынды. Өз кезегінде аймақ басшысы банк өкілдерінің мұндай бастамаларына қолдау білдіретінін айтты.


«Сбербанк»  АҚ  ОҚО-ның екі қаласынан өз бөлімшесін ашуға қызығып отыр

ERNUR.KZ. Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаев «Ресей Жинақ банкі» АҚ еншілес банкі басқармасының төрағасы А.Камаловпен, Басқарма төрағасының орынбасары Н.Щукинамен және «Жинақ банкі» АҚ Шымкент қалалық филиалының директоры Е.Абуовпен кездесті. Басқосуда тараптар бірлесе жұмыс істеп, өңірдің экономикалық әлеуетін көтеру жайын әңгімеледі, -деп хабарлайды ERNUR.KZ ОҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында қонақтар Түркістан қаласы мен Сарыағаш ауданынан банктің филиалдық бөлімшелерін ашуды ұсынды. Өз кезегінде аймақ басшысы банк өкілдерінің мұндай бастамаларына қолдау білдіретінін айтты.

«Оңтүстік Қазақстан облысы халық саны жағынан еліміз бойынша бірінші орында тұрған аймақ. Ал, мұндай жерде сәйкесінше ақша айналымы жоғары деңгейде болатыны сөзсіз. Демек, өңіріміздің әрбір аудан, қалаларында банк филиалдары болған дұрыс. Мәселен, сіздер айтып отырған еліміздің рухани астанасы Түркістан қаласында 260 мыңнан астам, саялы Сарыағаш ауданында 350 мыңға жуық халық тұрады. Яғни, бұл сіздерге де тұрғындарға да тиімді болады деген сөз», – деді Жансейіт Қансейітұлы.

Одан бөлек, банк қызметкерлері бірлескен жобалар арқылы жұмыс жасауға әрдайым дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ, жиында «Жинақ банкі» АҚ-ның қаржыландыруымен бүгінге дейін облыстағы 20-ға жуық ірі кәсіпорын өндіріс көлемін арттырып отырғаны сөз болды.

Айта кетейік, Қазақстандағы «Сбербанкінің» тарихы 2006 жылдан басталады. 2007 жылы Банк ұлттық және шетел валютасында жүргізілетін банктік және өзге де операцияларды жүргізуге лицензия алды. Дәл осы жылы Банктің жарғылық капиталы 15 есеге ұлғайып, 29 млрд. теңгені құраған. Жалпы банктің 89 құрылымдық бөлімшеден тұратын филиалдық желісі бар. Соның бірі 2010 жылы Шымкент қаласында жұмысын бастады.