​Шымкентте «әлімжеттік жасайды» деген оқушының ісін сот кері қайтарды

0
2 491

"Қорқытушылық" және "өзін өзі өлтіруге итермелеу" баптары бойынша аталған білім ұясының 10-сынып оқушысы күдікті деп танылып, қамауға алынған. Бірақ, марқұм баланың анасы күдіктінің кінәлі екендігіне мүлдем сенбейтіндігін кесіп айтқан.


​Шымкентте «әлімжеттік жасайды» деген оқушының ісін сот кері қайтарды

Шымкентте қатарластарына қорқытып алушылықпен күн бермеген бозбалаға қатысты қылмыстық іс материалдарын сот прокуратураға кері қайтарды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Басты себеп - ҚР ҚПК-нің нормаларының орындалмауы.

Шымкенттегі №83 мектептің оқушысына қатысты қозғалған қылмыстық істі судьялар прокуратураға қайта қарауға жіберген. Үстіміздегі жылдың ақпан айының 10 шы жұлдызында Қайнарбұлақ елдімекенінде 16 жасар бозбала өзі өзі асып, қайтыс болған еді. № 83 мектепте білім алған марқұм баланың ата-анасы білім ошағындағы әлімжеттік перзенттерінің түбіне жеткенін айтып зар илеп қалды. Суицидке барған баланың қалтасынан соңғы хаты, яғни әлімжеттік танытуы мүмкін қатарластарының тізімі жазылған қағаз табылған болатын.

"Қорқытушылық" және "өзін өзі өлтіруге итермелеу" баптары бойынша аталған білім ұясының 10-сынып оқушысы күдікті деп танылып, қамауға алынған. Бірақ, марқұм баланың анасы күдіктінің кінәлі екендігіне мүлдем сенбейтіндігін кесіп айтқан. Ана жүрегі перзентінің түбіне жеткендер мүлдем басқалар екендігін сезетіндігін жеткізген.

Айта кетейік, ұсталған күдіктіден зәбір көрген 20 жәбірленуші анықталған. Барлығы да Шымкенттегі № 83 мектептің оқушылары. Тергеп тексеру нәтижесінде барлығы да жоғары сынып оқушыларынан зәбір көрген болуы мүмкін деген күдік бар.

Аталған іс қайта тергеліп, зерделенетін болды. Судьялар сотқа кеп түскен қылмыстық іс материалдарын кері қайтарып жіберген.

"ҚР ҚПК нің 24 талаптарының толық орындалмауына байланысты, іс материалдары кері қайтарылды. Объективті толыққанды іс материалдары қаралуы тиіс" - дейді ОҚО мамандандырылған ауданаралық кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі сотының төрағасы Қанатбек Қоңыратбаев.