Кентау қалалық білім бөлімінің заңгері оқушыларға сыбайлас жемқорлық туралы заңнамаларды кеңінен түсіндірді.
9 желтоқсан күні Түркістан облысы, Кентау қаласының оқушылар үйінде қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Тәуелсіз елім – жемқорлықсыз Қазақстан» атты дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
2009 жылғы 22 сәуірде Елбасының «Қазақстан Республикасындағы қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Жарлығы шықты. Сонымен қатар, президентіміз Н.Ә. Назарбаев жыл сайынғы халыққа Жолдауында заң үстемдігін жетілдіруге, жемқорлықпен күрес жүргізуге аса назар аударады. Өйткені, жемқорлық кез келген мемлекеттің өркендеп дамуына кедергі келтіретін негізгі факторлардың бірі боп саналады.
Елбасымыздың көреген саясатын қолдау мақсатында Кентауда жастар арасында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қоғам дамуының жаңа жолында туындаған әр түрлі кеселдерден айығуды міндет етіп қойғанын жастардың санасына сіңіруді мақсат еткен шараның бірі Кнтау оқушылар сарайында өтті.
Дөңгелек үстелге Кентау қалалық білім бөлімінің заңгері З. Отызбаева қатысты. Ол оқушыларға Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес, сыбайлас жемқорлық қылмыстарға негізінен лауазымды қылмыстар жататынын айтып өтті. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық туралы заңнамаларды кеңінен түсіндірді.
Оқушылар тарапынан тақырыпқа сәйкес сұрақтар қойылып, тиісті жауап алынды. Оқушылар сыбайлас жемқорлыққа байланысты өз ойларын айтып, пікірлерін білдірді.