Қазіргі таңда өңірде қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын 151 полигон орны белгіленген.
Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сайрам ауданында Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиынға Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов модераторлық етті.
Алқалы басқосуға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, сондай-ақ аудандық, қалалық Ақсақалдар кеңесінің төрағалары мен мүшелері, «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің белсенді мүшелері қатысты.
Жиында басқарма басшысының орынбасары Нұрсұлтан Маратұлы Ақсақалдар кеңесінің қоғамдық-саяси ахуалды тұрақтандыру мен өңірдің әлеуетін арттыруда ерекше маңызға ие екендігін атап өтті.
Сондай-ақ жиында сөз алған Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Созақбай Әбдіқұлов бүгінгі таңда Ассамблея еліміздің саяси өміріне әртүрлі қоғамдық, әлеуметтік саладағы ел азаматтарын тарту арқылы өзекті мәселелерді зерделеп, оның шешімін табуға зор үлес қосып келе жатқанын айтты.
Жиында елді мекендерді көгалдандыру, тұрмыстық қалдықтарды өңдеу мәселелері туралы Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев баяндады. Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірде қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын 151 полигон орны белгіленген. Оның 71% талаптарға сәйкес келмейтіндігі анықталды.
Бүгінде аудан, қала әкімдіктеріне жергілікті көнімділігі жоғары көшет түрлері мен гүлді ағаштарды егу жұмыстары жүргізілуде. Өткен жылы аудан, қала әкімдіктеріне жалпы 1 млн-нан астам көшет ағаш отырғызылса, биыл көктем айларында 522 мыңнан аса түп көшет отырғызылады. Елді мекендерді көгалдандыру жұмыстарының сапасын жақсарту мақсатында облыста заманауи тұқымбақтар құру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ көктемгі егін егу маусымына дайындық мәселелері туралы Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Плалов баяндама жасады.
Отырыс барысында ақсақалдар тарапынан мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру бойынша сұрақтар қойылып, түрлі ұсыныстар айтылды. Бұл орайда, басқарма өкілдері туындаған мәселелерді бірлесе отырып шешуге дайын екендіктерін жеткізді.