ТҮРКІСТАН: «Ислам және дәстүр құндылығы» тақырыбымен конференция өтті

0
649

Республикалық басқосудың негізгі мақсаты – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2024 жылды "Ислам және дәстүр құндылығы" деп жариялануына орай, аталған тақырыпты кеңінен насихаттау.


ТҮРКІСТАН: «Ислам және дәстүр құндылығы» тақырыбымен конференция өтті

Түркістанда «Ислам және дәстүр құндылығы» республикалық конференциясы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістандағы "Фараб" әмбебап кітапханасында "Ислам және дәстүр құндылығы" республикалық конференциясы өтті. Маңызды жиынға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі, Дін істері комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Бәкіров, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері, теологтар, дін ғұламалары және дін саласының өкілдері қатысты. Облыс әкімінің орынбасары руханият саласындағы жұмыстардың маңызына тоқталып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.


«Топырағы тарихқа тұнған, күллі түркі халықтарының рухани астанасы – Түркістан қаласына қош келдіңіздер! Қасиетті шаһарда ислам ғұламасы Қожа Ахмет Ясауи өмір сүрген, ілім таратқан. Ел басқарған хандарымыз бен сұлтандарымыз, билеріміз бен батырларымыз мекен еткен. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы былтыр әкімдермен және мемлекеттік органдардың басшыларымен өткізген кеңесінде халқымыздың дүниетанымына сай дәстүрлі исламды дәріптеу аса маңызды екенін айтқан болатын. Өңірде осы бағытта жұмыс жүруде. Түркістан облысында 700-ден астам мешіт бар. Онда 1100-ден астам имам елге қызмет етуде. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлының қолдауымен, елдің демеушілігімен, биыл Түркістан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ислам институтын ашу жоспарланып отыр. Осы институтты ашу арқылы имамдарымыздың біліктілігін арттырумен қатар, ғасырлар бойы қалыптасқан діни мектебімізді жаңғыртуды маңызды деп санаймын. Бүгінгі республикалық конференция руханият саласын серпілтіп, ел бірлігін сақтау бастамаларына тың серпін береді деп сенемін», – деді Бейсен Тәжібаев.


ҚМДБ төрағасы, Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы мазмұнды баяндама жасады.


«Жаһандану заманында әлемдік сын-қатерден сақтанудың дара жолы – дәстүрлі құндылықтарды сақтап қалу маңызды мәселеге айналды. Біз қазіргі әлемдік сын-қатерді ескере келе, діни қызмет аясында 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жарияладық. Өздеріңіздің қатысуларыңызбен алғашқы жиынымызды жақсы ниетпен әулиелер мен хан-сұлтандарымыздың мәңгілік мекені болған рухани астанамыз – Түркістан шәрінде өткізіп отырмыз. «Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын» деген қанатты сөздің мәнін күн санап түсініп келеміз. Шариғатымыз халық ұстанған дұрыс әдет-ғұрыптарға ешқашан тыйым салмаған. Бұған қатысты Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресінің 199-аятында: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет...» деген. Өкінішке қарай, соңғы кездері нақты діни білім алмаған кейбір жас буын өкілдері дәстүрге қарсы шығып, халықтың ашуына тиюде. Халқымыз қастер тұтқан, жаугершілік заманда батырларды Отанды қорғауға үндеген, жұртты ізгілікке шақырған төл аспабымыз – домбыра ешқашан жамандықтың құралы болмаған. Үлкендерге сәлем салып, ізет көрсетудің көркем үлгісін паш еткен келіндеріміз дуалы ауыз қариялардың ақ батасын алуға тырысқан. Кейбір жастар астарлы мағынадағы аяттарды тікелей түсініп, қателікке бой алдыруда. Әрине, мұндай сәттерде имамдарымыз қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қазір жастар арасында электронды темекіге, құмар ойындарға тәуелділік, өрімдей қыздар арасындағы ерте жүктілік сынды мәселелер үлкен дертке айналды. Имамдар бұған қатысты жұма намаздарында уағыз айтып келеді. Бұл – баршамызға ортақ мәселе боғандықтан, бір үйдің баласындай бірігіп, жастарымызды қауіпті дерттен құтқаруға көмектесейік. Қоғам арасына іріткі салғандардың идеологиясына халықтың қарсы қорғанысын қалыптастыру – кезек күттірмейтін мәселе. Бабалар ұстанған сара жолды жалғастыру біздің басты міндетіміз болып қала береді», – деді Бас Мүфти.


Республикалық басқосудың негізгі мақсаты – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 2024 жылды "Ислам және дәстүр құндылығы" деп жариялануына орай, аталған тақырыпты кеңінен насихаттау. Сондай-ақ бұл рухани насихат жұмыстары Түркістан облысынан бастау алып отыр.


Конференция барысында Мемлекеттік қызмет хабы басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменов, ақын, Қазақстан жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, Мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазықызы, Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Саттар Мәжитов, "Нұр-Мәбарак" ислам университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Досымбек Қатран, Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров, профессор Досай Кенжетай, академик Саттар Мәжитов, Қ.А.Ясауи ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова қатысып, баяндамалар жасады. Сонымен қатар тақырып аясында ғалымдар мен мамандар ойлары ортаға салынып, ұсыныс пікірлер айтылды.