ТҮРКІСТАН: Кәсібін үйде нан пісіруден бастаған азамат облыс көлеміндегі нарыққа шыққалы жатыр

0
1 664

Бүгінде ол торттың 10, тәттілердің 15 түрін жасайтын цех ашқан.


ТҮРКІСТАН: Кәсібін үйде нан пісіруден бастаған азамат облыс көлеміндегі нарыққа шыққалы жатыр

«Жастар жылы» аясында мемлекеттен жеңілдетілген төменгі пайызбен несие алған Жетісайлық жас кәсіпкер кәсібін кеңейтіп, өнім түрлерін көбейткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


Шағын және орта бизнесті дамыту бағдарамалары – Қазақстанның жалпы ішікі өнімін арттыруда және халықты жұмыспен қамту мәселесінде шешуші фактор болып отыр. Қазір қабылданған арнайы бағдарламалар аясында өз кәсіптерін ашып, шаруаларын дөңгелентіп жүрген жандар аз емес. Солардың бірі Жетісайлық жас кәсіпкер – Нұрболат Дінтаев.

Нұрболат Бағланұлы ауданның шағын және орта бизнес саласына үлес қосып жүрген жас кәсіпкерлердің бірі. Осыдан 5 жыл бұрын өз кәсібін үйде тек нан пісіруден бастаған жігіт бүгінде қолға алған ісін ұршықша иіріп, «Жастар жылы» аясында жылдық үстемесі 1 пайызды құрайтын мемлекеттік жеңілдікпен 2 млн. теңге несие алып, цех ауқымын кеңейткен. Сонымен қатар, қызметте білікті де көреген басшы бола білген ол өзі тұратын Асықата кентінің 3 тұрғынын тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыр.

Атап айтсақ, қазіргі уақытта аталған кәсіпкер цехынан торттардың 10, тәттілердің 15 түрін жасап өндіріп, алдағы уақытта облыс көлеміндегі нарықтыққа шығуды жоспарлап отыр және ол үшін барлық мүмкіндігі жеткілікті.


Осылайша, қазақстандық кәсіпкерлерге жасалып жатқан мемлекеттік қамқорлықтың арқасында аталған аудандағы орта және шағын бизнес саласының тамырына қан жүгіре бастаған. Әйтсе де, ауданда шикізатты қайта өңдейтін өндіріс орындары аз, тіпті жоқтың қасы деуге болады. Дегенмен, Жетісай ауданының бұл тұрғыда мүмкіндігі зор. Мәселен, тек ұн өнімдері ғана емес, бір ғана мақтадан тоқыма өндірісін жандандыруға, бақша және көкөніс өнімдерін консервілеу зауыттарын ашуға болады.