ТҮРКІСТАН: МӘМС-пен қамту шаралары бойынша штаб отырысы өтті

0
331

Сақтандырылғандар саны 1,7 миллионды құраған.


ТҮРКІСТАН: МӘМС-пен қамту шаралары бойынша штаб отырысы өтті

Түркістан облысындағы БМСК емханаларына 2 миллионнан астам тұрғын тіркелген, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тұрғындарды қамту шаралары бойынша тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Қыркүйек айында Түркістан облысындағы БМСК емханаларына 2 миллионнан астам тұрғын тіркелген. Оның ішінде МӘМС жүйесінде сақтандырылғандар саны 1,7 миллионды құраған. Сәйкесінше 370 мыңға жуық тұрғын әлі күнге дейін сақтандырылмай отыр. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен өңірлік штаб отырысында талқыланды.


– МӘМС шеңберінде медициналық қызметтер барлық азаматқа қолжетімді болуы қажет. Алдыңғы өңірлік штабтың хаттамалық тапсырмасында МӘМС жүйесіне тұрғындарды қамтуға байланысты «апта сайын – 3 пайыз, ай сайын – 12 пайыз» жоспарына сәйкес, аудан, қала әкімдіктеріндегі жұмысшы топ Қор филиалы тарапынан биылғы тамыз айында берілген сақтандырылмаған 380 160 адамның мәртебесін ақпараттық жүйелерде өзектендіруі қажет. Жалпы жұмыстардың баяу жүргендігі көрініп отыр. Әр қала, аудандарда жұмысшы топ құрылған болса, сақтандыру мәртебесіне өткізуге керек іс-шаралар өткізілу керек. МӘМС туралы заңға енгізілген интернет порталы бойынша табыс табатын жеке кәсіпкерге жарна төлеу тәртібін түсіндірсін. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тек қана медицина саласы үшін емес, бірінші кезекте халықтың мүддесі үшін қажет. Осы орайда ұлтымыздың, болашағымыздың денсаулығын қорғау бағытында қарқынды түрде бірге жұмыс істеуіміз қажет, – деді.


МӘМС жүйесіне тұрғындарды қамтуға байланысты жиынға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Түркістан облысы бойынша филиал директоры Бақыт Исмаханбетов қатысты. Өз кезегінде атқарылып жатқан жұмыстар туралы және облыс тұрғындарының сақтандыру санатына өтуі мен МӘМС аясында медициналық қызмет алудағы туындап жатқан өзекті мәселелер бойынша баяндады. Қор филиалы аудан, қалалардағы жұмысшы топтан әр аптаның дүйсенбі күні атқарылған жұмыстар бойынша ақпаратты жинақтап, өңірлік штабқа ұсыну тапсырылған. Екі айдың нәтижесінде Сауран, Қазығұрт, Арыс, Сайрам, Сарыағаш, Мақтарал, Жетісай, Кентау, Түркістан аудан, қалаларындағы жұмысшы топ сақтандырылғандар саны 4401 адам болып, КРІ 9,6 құрады. Басқа аудандардан тиісті мәліметтер уақытылы жолданбағаны анықталып отыр.


Мемлекеттік кірістер департаменті МӘМС жүйесі бойынша төлемдерді 2022-2023 жылдардан бері мүлдем төлем жасамаған 43 мыңнан аса адамға хабарлама жолданып, борышкерлердің есеп шоттары бұғатталған болатын. Нәтижесінде 8 мыңнан астамы қарызын төлеген. Осы ретте, аудан, қала әкімдіктері жергілікті Мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесіп, жеке кәсіпкерлерге, шаруа немесе фермерлік қожалықтарға ақпараттық түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру міндеттелді.

Бөлісу