900 оқушыға арналған мектепте оқушылардың алаңсыз білім алуына қолайлы жағдай жасалған.
Сарыағаш ауданында өңірдегі мыңыншы мектеп ашылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында өңірдегі мыңыншы мектеп ашылды. Білім ұясының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы қатысып, оқушылар мен ұстаздарды, жергілікті тұрғындарды құттықтады.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл ретте демографиялық өсімі жоғары Түркістан облысында ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Нәтижесінде мектеп саны 1000-ға жетіп отыр.
"Мемлекет басшысы балаларға жағдай жасауды ерекше тапсырды. Өнерлі, білімді, спортқа бейім балаларды жан-жақты дамыту керектігін айтты. Бұл тапсырманың біздің өңір үшін маңызы өте жоғары. Себебі еліміздегі сәбилердің бестен бірі Түркістан облысында дүниеге келеді. Облысымызда, қазіргі таңда 700 мыңнан астам бала бар. 2400-ге жуық білім беру ұйымы жұмыс істейді. Облыста 2023-2025 жылдары кезең-кезеңімен 96 мектептің құрылысын салу жоспарланды. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан бұл қолдаулар ұстаздарға шабыт береді және жас ұрпақтың сапалы білім алуына оң ықпал етеді деп санаймын. Біз бүгін облысымыздағы 1000-шы мектептің ашылу салтанатына қатысып отырмыз. Мұндағы оқушылар ата-аналарының және ұстаздардың, елдің үмітін ақтайды деп сенемін", – деді Дархан Сатыбалды.
Сарыағаш қаласы, «Самал» шағынауданындағы №78 жалпы орта мектебінің құрылысы 2020 жылы басталған. 900 оқушыға арналған мектепте оқушылардың алаңсыз білім алуына қолайлы жағдай жасалған. Есік алдына асфальт төселген және көгалдандырылған. Мектептегі суық су мен жылу және санитарлық байланыс құбырлары орталықтандырылған. Білім ұясында үлкен дәліз, кітапхана бойынша 1 оқу залы мен 1 медиа зал бар.
Сондай-ақ химия, физика, еңбек және информатика кабинеттері толықтай заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Үлкен спорт залы, 300 орынға арналған асхана жұмыс істейді. Медициналық 2 бөлмесі бар. Олар арнайы медициналық құрал-жабдықтармен, жиһаздармен жабдықталған. Өртке қарсы дабыл қаққыш, 17 сыртқы және 60 ішкі бейнебақылау камералары орнатылған.
Түркістан облысы туу көрсеткіші, демографиялық өсім бойынша елімізде көшбасшылар қатарында тұр. Ел тұрғындарының 10,7% осы өңірде тұрады. 2022 жылдың желтоқсанында Түркістан облысы халқының саны 2116 450 адамға жеткен. Оның 75,5%-ын ауыл халқы құрап отыр. 2022 жылы облыста 57429 бала дүниеге келген. Оның 605-і егіз болса, 12 үшем өмірге келді. Бұл деректер ауылға қолдауды күшейту және жыл сайын мектептер санын арттыру міндетін жүктейді.
Сондықтан облыста мектеппен қамту жұмысы өте қарқынды жүріп жатыр. Облыстың 1364 мектепке дейінгі ұйымында 159 113 бала тәрбиеленуде. Өңірдегі 1000 мектепте 514018 оқушы білім алуда.
Мектеп тапшылығы мәселесі кезең-кезеңмен өз шешімін табуда. Өткен жылы 21 мектеп пайдалануға берілді. Оның ішінде 2 үш ауысымды мектептің мәселесі шешілді. Биыл 20 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 63 мектептің құрылысы жоспарлануда. Оның ішінде 2023 жылға 31 мектептің құрылысын бастауға қаржы бағытталып отыр.