Түркістан облысында «Жастар – Отанға!» бағдарламасы бекітілді

0
522

Түркістан облысындағы жастар саны – 505 мың.


Түркістан облысында «Жастар – Отанға!» бағдарламасы бекітілді

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев жастарға арналған бағдарлама сапалы әрі уақтылы жүзеге асуы керек екенін ескертті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


«Түркістан облысында «Жастар – Отанға!» бағдарламасы сапалы әрі уақтылы жүзеге асуы тиіс». Бүгін «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы Саяси кеңесі Бюросы мәжілісінінде Түркістан облысының әкімі, партия филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев осылай деді. Өңір басшысы «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасында жастарды қолдауға басымдық берілгенін атап өтті.


«Өздеріңізге белгілі, Елбасы, «Nur Otan» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасы әзірленді. Бағдарлама жастарды елді дамыту жолындағы жұмыстарға біріктіруге және олардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, жан-жақты дамуына жағдай жасауды көздейді. Бағдарламаны тиімді іске асыру мақсатында 2025 жылға дейінгі жол картасы әзірленді. Партия мен «Jas Otan» жастар қанаты жастарға берілген сайлауалды уәделерді орындауға кірісті. Атқарылатын әр іс-шараға жауапты мемлекеттік органдар мен жастар өкілдері белгіленіп, есеп беретін басқармалар нақтыланды», – деді әкім.


Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Дамир Жүнісов хабарлама жасады. Оның айтуынша, қазіргі таңда Түркістан облысындағы жастар саны – 505 мың немесе облыс халқының 26,95%-ын құрайды. Өңірде «Jas Otan» жастар қанатының 7 мыңнан астам мүшелерін біріктіретін 17 филиал жұмыс істейді.«Жастар – Отанға!» бағдарламасын іске асыру бойынша Түркістан облысы жастарына арналған 17 жол картасының (1 облыстық, 3 қалалық, 13 аудандық) жобасы әзірленген.


«Жастар – Отанға!» бағдарламасына 416 индикатор мен 675 іс-шара жоспары енгізілді. Облыс бойынша 28 индикатор мен 38 іс-шара жоспары әзірленді. Жол картасында жастардың азаматтық белсенділігін арттыру, өзін-өзі басқаруды дамыту, жастардың сапалы білім алуына қолдау көрсету, жұмыссыздық деңгейін төментету, «Жасыл ел» жобасы арқылы 6400 жасты жұмысқа тарту, «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде «Алғашқы жұмыс орны» жобасын арқылы 1048 жасты жұмысқа орналастыру және өзге де жоспарлар енгізілген», – деді басқарма басшысы.


Жиынды түйіндеген облыс әкімі, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы Өмірзақ Шөкеев аудандық, қалалық филиал төрағалары мен жауапты басқарма басшыларына жастарға қатысты жол картасын сапалы жүзеге асыру жөнінде тапсырмалар берді. Жастардың саяси өмірге қатысуын жандандыру, волонтерлік қызметті қолдау, жастар мен студенттік ұйымдарды дамыту, жастардың сапалы білім алуын қамтамасыз ету, жастарды жұмыспен қамтуға ықпал ету, жастардың кәсіпкерлікке тарту, жас отбасылардың, жұмыс істейтін жастар мен студенттердің тұрғын үй мәселесін шешу үшін нақты жағдай жасау, жас буынды мәдениет пен спортқа, игі істерге бағыттау жөнінде де тапсырма беріп, ол міндеттер хаттамаға енгізілді. Бюро отырысында Түркістан облысы бойынша «Jas Otan» жастар қанатының 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасын іске асыру жөніндегі жол картасы бекітілді.


«Nur Otan» партиясы жастарға үнемі қолдау көрсетеді. Жетекші партия қолдауымен әр саладағы талантты, қабілетті мамандар үшін саяси баспалдақ қалыптасты. Оған дәлел — жыл басында өткен сайлау кезінде саяси сахнаға көшбасшы әрі дарынды жастардың келуі. Облыстағы барлық партия мүшелері мен жақтастарын, жауапты басшыларды «Жастар – Отанға!» бағдарламасының жол картасын жүзеге асыруда белсенділік танытуға шақырамын», – деді Өмірзақ Шөкеев.