​Түркістан облысында жасанды талшық өндіретін зауыт іске қосылады

0
1 523

«Полиэтилентерефталат (ПЭТ) қалдығының жасанды талшығы өндірісі» зауыты іске қосылғанда 200-250 адам жұмыспен қамтылады


​Түркістан облысында  жасанды талшық өндіретін зауыт іске қосылады

Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Бадам» индустриялды аймағында орналасқан «Полиэтилентерефталат (ПЭТ) қалдығының жасанды талшығы өндірісі» зауыты құрылысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

2018 жылы күзде толық қуаттылығымен іске қосылатын өндіріс орнының құрылыс жұмысына қаныққан аймақ басшысы мемлекет тарапынан көрсетілетін барлық қолдаулардың тиісті деңгейде атқарылуын тапсырды. Ж.Түймебаев жаңадан салынып жатқан кәсіпорындарға жаңа цифрлық технологиямен автоматтандырылған басқару жүйелерін кеңінен енгізу қазіргі заманның қажеттілігі екенін айтты. Инвестициялық құны 20 млн. АҚШ долларын құрайтын зауыт жылына 50 мың тонна өнім өндіреді. Бұл жоба Қазақстанның жасанды талшықтарға деген қажеттілігін толығымен қанағаттандырады деп жоспарланған. Аталған жоба елімізде алғаш рет қолға алынып отыр.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпіліс беретін зауыт іске қосылған кезде 200-250 адам жұмыспен қамтылады. Жасанды талшық - бұл өнеркәсіптің барлық салаларында қолданылатын әмбебап материал. ПЭТ-ті қайта өңдеу Қазақстандағы экологиялық жағдайды жақсартуға әсер етеді. Аталмыш жоба «Ontustik Invest-2016» халықаралық инвестициялық форумы аясында қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандумның нәтижесінде жүзеге асып отыр. Жобаны әлемге танымал шетелдік HONGKONG TIANRUN CO…LTD ірі өндіріс компаниясы облыс әкімдігімен және Green Technology Industries компаниясымен бірлесе отырып салуда.

Бүгінгі таңда бұл компания 70 мемлекетте өндіріс орындарын ашып үлгерген. Айта кетейік, аталған индустриалды аймақта 1 583 жұмыс орны ашылып, соммасы 65 716,9 млн. теңгені құрайтын 12 жоба іске асырылуда. Соның ішінде 107 жұмыс орнымен қамтылған, қаржысы 7 788,9 млн. теңгені құрайтын 3 жоба іске қосылған.