Түркістан облысының 63 ауыл округінде сайлау өтеді

0
521

Ауыл әкімдерін сайлау науқанына дайындық жұмыстары басталды.


Түркістан облысының 63 ауыл округінде сайлау өтеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттілігі жөнінде бастама көтерген болатын, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу қажеттілігі жөнінде бастама көтерген болатын.


Араға жыл салып, Мемлекет басшысының бастамасы іс жүзінде жүзеге асып, ауыл әкімдерін сайлау науқанына дайындық жұмыстары басталды.


Қазіргі таңда, Түркістан облысында 181 ауыл округі болса, биылғы жылғы ауыл әкімдерін сайлау 63 ауыл округінің 264 сайлау учаскесінде өткізілетін болады.


Қолданыстағы заңға сәйкес,ауыл әкіміне үмтікер ретінде жекелген азаматтар мен тіркелген саяси партиялар өз кандидаттарын ұсына алады. 29 маусымға дейінгі көрсеткішке сүйенетін болсақ, облыс бойынша өзін-өзі ұсыну бойынша 50 азамат тіркелді.


Әзірге саяси партиялардан ешқандай үміткерлер тіркелмеді. Сайлау науқанына дайындық жұмыстары барлық сайлау учаскілерінде қызу жүруде. Әсіресе, мүмкіндігі шектеулі азаматтардың дауыс беру құқығын қамтамасыз ету үшін барлық жағдайлар жасалуда.


Үміткер ретінде тіркелу ағымдағы жылдың 14 шілдесіне дейін жүзеге асса, үмтікерлердің үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу уақыты 23 шілдеге дейін жүргізіледі. Оған дейінгі уақытта Орталық сайлау комиссиясы құзырлы органдармен бірлесе отырып үміткерлердің сайлау талаптарына сәйкестігін анықтайтын болады.


Бұл туралы Түркістан облысы сайлау комиссиясының мүшесі, заңгер Оразымбетов Данияр Шекербекұлы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтты.