Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында Алматы қаласынан келген театр ұжымы түркістандық көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Түркістан театрында Наурыз мерекесі қарсаңында «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклі сахналанды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан музыкалық драма театрында Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры «Сезім сапары» спектакль-турының аясында «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклін сахналады. Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында Алматы қаласынан келген театр ұжымы түркістандық көрермендерге ерекше көңіл-күй сыйлады.
Жыл сайын репертуарын тағылымды туындылармен толықтырып жүрген театр қоржынында көрерменнің айрықша ықыласына бөленген «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклінің орны бөлек. Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Әзілхан Нұршайықовтың қаламынан туған шығарма өткен ғасырда-ақ өз оқырманын тауып, талай жанның жүрек сырын қозғаса, Фархад Молдағали режиссурасымен сахналанған спектаклі киелі шаһардың зәулім театр сахнасында жалғасын тауып жатыр.
Театр ұжымы аншлагпен екі ауысымда өнер көрсетіп, Тұран даласын махаббат жырымен әлдиледі. Еліміздің барлық қаласын қамтитын «СЕЗІМ САПАРЫ» атты тур-спектаклінде өзінің актерлік шеберлігімен ел арасында танылып жүрген талантты әртістер бар.