Бейресми толғаныс жасаған зиярат етуші зиялы қауым өкілдері саяси тұлғаның рухына тағзым жасап, ерекше құрметпен гүл шоқтарын қойды.
Нұртас Оңдасыновтың 120 жылдығы кеңінен аталып өтілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Ұлтымыздың көрнекті мемлекет қайраткері, қазақ үкіметін 13 жыл басқарған, әділ басшы, халықтың нағыз жанашыры бола білген Нұртас Оңдасыновтың 120 жылдығы еліміз көлемінде кеңінен аталып өтілуде. Ұлт қайраткерін ұлықтап, рухына тағзым ету үшін арнайы делегация құрамы Сауран ауданына барып, Нұртас Дәндібайұлының бейіт басына зиярат етті.
Қоғам қайраткерінің мәңгілік мұрасын жаңғыртып, ұлттың дамуына қосқан үлесін ұлықтау үшін Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкенов, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса, ақын Қасымхан Бегманов, ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымының кандидаты Аслы Осман, Ислам Әбішов, нұртастанушы ғалым, жазушы-журналист Гүлсім Оразалиева мен Қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев пен аудан әкімі Мақсат Таңғатаров және туған ауылынан көзін көрген замандастары, зиялы қауым өкілдері қатысты. Түркістан облысы бойынша өкіл имам Ержан Төлепов Нұртас Дәндібайұлының рухына бейіт басында құран бағыштады.
Бейресми толғаныс жасаған зиярат етуші зиялы қауым өкілдері саяси тұлғаның рухына тағзым жасап, ерекше құрметпен гүл шоқтарын қойды. Нұртас Оңдасыновтың есімі Қазақстанның даму кезеңімен тығыз байланысты. Ұлт қайраткері еліміздің мұнай-газ саласын игеру, Қазақ Ғылым академиясы, қыздар педагогика институты, Абай атындағы Опера және балет театры, консерватория тағы өзге нысандардың ашылуына ұйытқы болды. Рухани басқосуда қонақтар ғалымның өмірі мен еңбек жолындағы осындай естеліктерімен бөлісті.