Бірліктің ауылда екеніндігін көрсету мақсатында ұйымдастырылған.
Түркістан облысында «Береке, байлық ауылда!» атты семинар-тренинг өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бәйдібек ауданы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен түркістандық жастарға «Береке, байлық ауылда!» атты семинар-тренинг өтті. Шара жастарға ұлттық құндылықпен көнеден келе жатқан салт-дәстүрді дәріптеу және қызықты өмірмен береке, бірліктің ауылда екеніндігін көрсету мақсатында ұйымдастырылған.
Жиынға қатысқан аудан әкімінің орынбасары Берік Тұрлыбеков пен облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Бектаев семинарға қатысушы жастарға сәттілік тілеп, шараның маңыздылығына тоқталды. Семинар барысында өңір жастары ұлттық ойындардан садақ ату, арқан тарту, асық ату, ләңгі тебу бойынша өзара бақ сынасты.
Одан бөлек, ұлдар арасында мал сойып жілік бөлуден бастап, табақ тарту рәсімі, бие сауып қымыз дайындау, ат ерттеуге дейін үйретілсе, қыздар арасында ұлттық тағам түрлері дайындалып қана қоймай күбі пісу, құрт, ірімшік жасау көрсетілді.