Жетісайда “Ашық есік” күні аясында мыңнан астам адамға медициналық көмек берілді.
Жетісай аудандық орталық ауруханасына қарасты бірнеше ауылдық емханада “Анаға тағзым” атты көпбалалы аналарды қолдау мақсатында “Ашық есік” күні өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Жетісай қалалық емханасы мен Мырзашоқы және Жылысу ауылдық емханаларында ауқымды шараға мыңнан астам халық медициналық тексеруден өтіп, дәрігерлік көмек алды. Көпбалалы аналар мен олардың балалары медициналық тексерудің сан алуан түрінен өтіп, зертханалық талдаудан, ультрадыбыстық тексеруден де өткізілген. Тіпті шалғайда орналасқан Мырзашоқы ауылының халқы үшін жылжымалы медициналық кешен қойылды. Ал өздігінен жүре алмайтындарға аурухана басшылығы тарапынан арнайы көлік ұйымдастырылды.
Олардың ішінде 60 - қа жуық “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иелері дәрігерлік тексеруден өтті. Медициналық тексеру нәтижесінде үш емханаға қарасты 162 адамнан әртүрлі деңгейдегі ауру түрлері анықталды. Олардың барлығы тиісті емін алып, дәрігер бақылауына алынды. Сондай - ақ тексеруге келген барлық көпбалы аналарға сый - сияпат жасалып, балаларға ойыншықтар таратылып берілді. Шараға қатысқан аналар ақ халаттыларға өз ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын берді.