​ТҮРКІСТАН: Жетісайда көпбалалы отбасыларға баспана кілті табысталды

0
922

1700-ге жуық әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға нақты көмек көрсету көзделген.


​ТҮРКІСТАН: Жетісайда көпбалалы отбасыларға баспана кілті табысталды

Бүгін "Nur Otan" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Жетісай ауданынында бірқатар ауылда болып, тұрғындардың өзекті мәселелерімен танысты. Осы кездесулер арасында Қазыбек би ауылдық округінен аз қамтамасыз етілген, облыс аумағында жүргізіліп жатқан "Қамқорлық" бағдарламасына енгізілген көпбалалы екі отбасыға баспана кілтін табыстады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Cонымен қатар, қайырымдылық жасап, үй салып берген азаматтарға алғысын білдірді.

“Елдегі әлеуметтік қолдауды қажет ететін мұқтаж отбасыларға баспана салуға үлес қосқан баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін. Біз қиналған қандасымызға қолұшын созып, сүрінсе демеу болған халықпыз. Тәрбиеміз солай. Атаның қанымен, ананың сүтімен бойымызға дарыған бұл қасиетіміз ешқашан жоғалмақ емес”, - деді Бауыржан Қыдырғалиұлы.

Бұған дейін аудандық «Нұғман» орталық мешітінің жанынан құрылған «Баспанаға жол» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен Жетісай қаласынан аз қамтамасыз етілген отбасыларға 3 бөлмелі 3 баспана берілген екен.

Бүгінгі кілті тапсырылып отырған қос баспананың да құрылысы “Баспанаға жол” қайырымдылық қорының бастамасымен жүргізілген. Биыл аталған қоғамдық қор аудандағы аз қамтамасыз етілген отбасыларға жалпы құны 96 млн теңгені құрайтын 12 баспананы тапсыруды жоспарлаған.

Жалпы "Қамқорлық" бағдарламасы басталғалы бері бір ай көлемінде 8 отбасы баспаналы болды. Елді ізгілікке бағыттаған бұл бағдарлама қоғамға оң серпіліс тудырып отыр. Қуанған отбасы, әлеуеті жоғарылаған тұрғындарды көргенде кеудені шаттық кернейді.