Жүргізуші ұйықтап кеткен деген болжам жасалды.
Түркістан облысы, Сайрам ауданында жолаушы тасымалдайтын минивен мен жүк көлігі соқтығысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сайрам ауданындағы жол апаты 17 сәуір күні сағат 21:30 шамасында орын алған. Болжам бойынша, Алматыдан Қызылордаға қарай кетіп бара жатқан Toyota Alphard көлігінің жүргізушісі ұйықтап кетіп, арақашықтық сақтамаған. Сөйтіп, минивен HOWO жүк көлігімен соқтығысқан. Жол апатының салдарынан Toyota Alphard көлігінде отырған бір жолаушы көз жұмып, жүргізушісі мен 6 жолаушы зардап шеккен. Оның екеуі жансақтау, тағы екеуі жарақат бөліміне жатқызылған.
"Тексеру кезінде анықталғаны Toyota Alphard жүргізушісі "Батыс Еуропа-Батыс Қытай" тас жолының 4-шақырымында, Алматы қаласынан Қызылорда бағытына қарай келе жатқан. Өзімен бір бағытта, яғни алдында кетіп бара жатқан HOWO маркалы жүк көлігінің артына соқтығысқан. Аталған жайт Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігімен "Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы" бойынша тіркелді. Автокөліктер айыптұраққа қойылды. Бүгінде оқиғаның толық мән-жайын анықтау шаралары жүргізілуде", - делінген Түркістан облыстық Полиция департаментінің мәлімдемесінде.