Түркістандық "шөлдеген" шаруалар: "Жырдың бітетін түрі жоқ"

0
846

Ауыл азаматтары біраз уақыттан бері ағынсу мәселесімен күресіп келе жатқанын жеткізді.


Түркістандық

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысындағы Отырар ауылының тұрғындары ағынсу мәселесінің шешілгенін зарыға күтіп отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Түркістан облысы Отырар ауданына қарасты Отырар ауылы тұрғындарының негізгі кәсібі – егін және мал шаруашылығы. Ауыл ақсақалдарының айтуынша, бұрындары отырарлықтар егін шаруашылығы өнімі бойынша ел аумағында алдыңғы қатардан көрініп келген. Алайда, бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан ағынсу жетіспеушілігінің салдарынан негізгі кәсібінен айырылған шаруалардың саны көбейіп, ол тұрғындардың әл-ауқатына, егінмен қатар жүретін мал шаруашылығына кері әсерін тигізіп келе жатқан көрінеді. Осы орайда ауыл азаматтары біраз уақыттан бері ағынсу мәселесімен күресіп келе жатқанын жеткізді.

«Отырар ауылындағы ағынсу жырының бітетін түрі жоқ. 26.11.2020 күні аудан әкімі Ә.Жүнісовке су мәселесін жазғанбыз. Сол бойынша ауыл тұрғындарымен кездесіп, кемшілікті түзейміз деп уәде берді. Ауылда, ауданда есеп беруінде де ескертіліп, ауызба-ауыз айтылған. Өткен аптада аудан прокуроры, әкімнің орынбасары халықпен кездесті. Сонда аудандық сушардың бастығы 25 мамырға дейін қосымша каналды қазып, Отырарға су келтіреміз деді.

Отырар ауылына келетін Ш-9 су бөгеті бар, сол жерден Талапты ауылына тіке су кетеді, ал біздің ауылға бұрылыс жердің бетоны 14 см биік болып кеткен. Сол жерден басталған бетонның ең биік жері негізгі каналдан 47 см жоғары және сол жерде ағынсудың өз дәрежесінде өтуін тежейтін үш кедергі бар. Канал табанындағы биік құйылған бетонның мәселесін шешпей, халыққа ағынсу жетпейді. Қазір ауылда егіс былай тұрсын, бау-бақшаны суғарудың өзі өте күрделі жұмысқа айналды. Ауызсу құбырынан суғарамыз. Айқай-шумен су кеш келетіндіктен мың гектарға жуық суармалы жердің мардымсыз бөлігіне ғана өнім егеміз. Еккеннің өзінде су болмай, қурап кете ме деп алаңдап отырамыз», - дейді ауыл тұрғындары.


Бұл мәселе бойынша Түркістан облыстық «Қазсушар» РМК Отырар аудандық филиалының басшысы Хамидбек ЕЛКЕЙ жауап берді. Оның айтуынша, аталған канал мәселесі бірнеше күннен кейін шешілетін көрінеді.

«Бетондалған каналдың биіктеп кетуі мәселесіне орай, айналма канал қазу жұмыстарын бастадық. Бұған 1 800 000 теңге бөлінген. Қазылатын айналма каналдың ұзындығы – 800 метр шамасында. Бұған дейін Қарғалы, Отырар ауылдарына су баратын каналдың 2,5 шақырымдай жеріне тазалау жұмыстарын жүргіздік. Қазір ауылға белгіленген мөлшерде су барып жатыр. Негізі биік болып құйылған бетон басты каналдағы су азайып кеткенде ғана судың өтуіне кедергі болады. Сондықтан, су деңгейі түскен күннің өзінде ауыл шаруаларына су жеткізілу үшін айналма канал қазылып жатыр», - дейді Хамидбек ЕЛКЕЙ.


Жалпы, табиғи себептерге байланысты Түркістан өңірінің кей аймақтарында ағынсу мәселесі өзекті болып келеді. Оны табиғаттың заңдылығы десек те болатын шығар. Алдағы уақытта Арыс өзенінен бастау алып, Отырар ауылына су жеткізілетін басты каналдың суы мүлдем азайып кетпесе, қазір қазылып жатқан қосымша айналма каналдың арқасында шаруалар да ағынсудан тапшылық көрмейтін сияқты.

Бірнеше жылдан бері көтеріліп келе жатқан мәселе осылай шешіліп, ауыл тұрғындары берекелі кәсібімен қайта қауышпақ. Жүргізіліп жатқан жұмыс пен берілген уәденің нәтижесін алдағы уақытта жариялайтын боламыз.