Ерте көктемде жабайы сарымсақ жеген ЕРКЕКТІҢ жары алғашқы түннен ҚҰРСАҚ КӨТЕРЕДІ

0
10 083

Әже-апаларымыз да еркектің төсекте қуатты болуының құпиясын білген екен...


Ерте көктемде жабайы сарымсақ жеген ЕРКЕКТІҢ жары алғашқы түннен ҚҰРСАҚ КӨТЕРЕДІ

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Ауылдағы жеңгейлермен, әсіресе, көпті көрген әжелермен әңгіме айтқанды ұнатамын ғой. Осы бір әңгімені сексенге шыққан әжей айтып берген еді.

Әйелдер қауымы жиналғанда әңгіме одан да, бұдан кететіні белгілі. Соның бірінде бүгінгі келіндердің алғашқы төсектен жүкті болмай біршама жүріп қалатыны сөз болды.

«Қалпақпен ұрса, мұрттай ұшқан сидаңдаған жас келінде қайбір көтерердей қуат бар дейсің? Кигені шалбар, суық тартатын. Ышқыры төмен, кіндігі ашық киіммен босаға аттағанша жүреді де, келін болғаннан басталады. «Үйбәй, әне жерім!» деп жата қалады қит етсе... » деген бір апаның сөзін басқа үлкендер де қоштай кетті.

«Иә, одан қалса, жөндеп тамақ ішпейді ғой келіндер. Семіріп кетемін деп шөп-шалам шұқылайды. Ішкені газды су, жегені балмұздақ... Байға тигенше не ішкенін кім білсін?! Әйтеуір, екінің бірі асқазаным деп мұрттай ұшады. Қол салып ет жемеген, сары майдың дәмін татпай өңкей маргарин жегендер оңа ма?»

«Ойбууу, оны айтасың, ет жемейтін келін көрдік. Өзі жемесе жемесін, «ет жеген зиян, көкөніс жеу керек» деп балама жегізгісі келмеген келінді де көрдік қой. Қайдағы бір елдің асын айтады пайдалы деп... Пішту, өмір бойы ет жеп келген балам өлше шайнай ма шөбін?! Содан кейін қандай бала туады?!»

Не керек, үлкендер жағы келіндерді сөзбен іреп тастай салды. Жастар жағы бір-біріне көздерінің астымен қарап, жақтырмай отырғаны анық. Тағы біраз басса, мына жерде қып-қызыл айтыс басталғалы тұр. Етек жақта отырған бір келіннің ерні жыбырлай бастағаннан «әңгімені аударып жіберейін» дедім де, сұрақты ортаға тастадым. Жастарға да жатпаймын, апалардың қатарына әлі кіре қойғам жоқ, маған ештеңе дей қоймас деп батылдық танытқаным ғой.

«Ау, тек келіннен көре бересіздер. Өз ұлдарыңыздан кінәрат жоқ па? Медицина шырылдап жатыр ғой, ер-азаматтардың көпшілігі белсіз деп... Бала көтертуге көбінің қауқары жетпейді екен... Екеуі бірдей емделгенде ғана барып сәби сүйген талай жастарды білемін... Олардың да ішкені сыра, шеккені темекі. Етті бәрі жеп жатқан жоқ. Еркектердің де денсаулығы оңып тұрған жоқ қой қазір?!», - дегенім сол еді, жас келіндер күтіп-ақ отыр екен.

«Соны айтсаңызшы, емделуге келгенде тек әйелдерден көреді. Мысалы, мен де біраз көтере алмай жүргенде дәрігер күйеуіңді ертіп кел деді. Зорға апардым. Содан екен, кінә... Үш ай емделген соң ғана көтердім ғой», деп бір келін жыламсырағандай болды.

Басқалары да жамырай кетті еркектерге деген өкпесін айтып. Айтыс басталды. Әрқайсысы әрнені айтып, жамырап бара жатыр еді, төрде отырып ешбір әңгімеге араласпай, жәй ғана жылы жымиып қойып, ыстық шайға науат салып баппен ішіп отырған әжей шуды басып тастады.

«Еркек деген де бір балаң. Оның денсаулығына да қарап отыруға міндеттісің қатыны болған соң... О несі, сонша шулап. Көтерте алмай жатса, денсаулығын түзе! Бала туғыза алмады деп кетіп қалмайсың ғой?! Мен сендерге бір құпия айтайын...», деген әжей басына қабаттай ораған қарқарадай жаулығын бір түзеп алды.

Жылтыраған аппақ көйлегінің етегін бір қымтап алып, не айтар екен деп аузына емініп қарап қалған бәрімізге қулана бір қарады да, әңгімесін жалғады.

«Еркектің бәрі аттай, төсекте оттай бола бермейді ғой. Әркім әліне қарай деген. Сол үшін ертеде әйелдер көктемді қатты күткен. Көктемде шығатын жабайы сарымсақты таласа теріп алып, айранға турап, күйеулеріне, тіпті, үйленер жастағы ұлдарына да берген екен. Қыз күнімізде ауылдағы жеңгелерден талай естігенбіз. Сол жабайы сарымсақты көктей жеген еркектердің қуаты керемет, ұрпағының да дені сау болатын көрінеді. Соны жеп өскен шығар, біздің үйдегі аталарың да. Алғашқы түндерден-ақ құрсағымызға қалай біткенін байқамай қалдық қой», - деп күліп алды есік жаққа ұрлана қараған әжей.

Мұны бірінші рет естіген екенмін, құлағым елең етті. Ескіден қалғанды жазып алу – әдетім. Одан әрі әңгімеге тарта түстім.

«Ол қандай болады жабайы сарымсақ деген?»

«Кәдімгі бәйшешектен соң іле-шала көкпен бірге шығады. Сабағы тік, ауылдағылардан сұрасаң білуі керек. Жегенде, тура сарымсақ жегендей боласың. Соны жұлып әкеп айранға, кез келген асқа қосып жегізесің. Әсіресе, аққа турап салғанның әсері жақсы болады. Ерте көктемде әлсірегенде оны жеген әйел де, еркек те, бала да қуаттанып шыға келеді. Қазіргілерге берсе, «ойбай, зиян, мироб жұғады» деп жегізбесе керек. Сосын, еттің күші, әсіресе, қазының сорпасын ішіп тұрған еркектің де қуаты мықты болады. Ет асып бергенге қиынсынбай, қамырын салмай тұрып, сорпасынан екі кесе ішкізіп жіберсең, кез келген еркектің беліндегі қуатын күшейтеді. Сосын тек бала ту да, отыра бер, ешқандай дәрігер жағаламай-ақ», - деп апамыз тағы бір «ой» тастады.

Әлгінде ғана үлкендермен жағаласа кетуге дайын отырған келіндер жағы бір-бірін түртісіп, күбірлесе қалды.

Осындай пайдалы ақпарат алған мен қойын дәптеріме түртіп алып, көктем шыққанда көпке жариялармын деп түйіп қойдым. Соның сәті енді келген сияқты.

Еркек қуатын арттыратын жабайы сарымсақтың қасиетін естіген бе едіңіз? Ол туралы не білесіз?

Жайнаған Байтұрым,

ERNUR.KZ