Астана маңындағы жол апаты: бір бала санитарлық авиация арқылы Павлодарға жеткізіледі

0
333

Жекеменшік футбол мектебінде жаттығатын балалар тобы 2011–2012 жылы туған командалар арасындағы балалар турниріне қатысу үшін Астана қаласына жол тартқан.


Астана маңындағы жол апаты: бір бала санитарлық авиация арқылы Павлодарға жеткізіледі

Сурет: akorda.kz

ERNUR.KZ. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Павлодар – Астана тас жолындағы жол-көлік оқиғасына байланысты ресми түсінік берді, деп жазады zakon.kz.

Комитет таратқан ақпаратқа сәйкес, жекеменшік футбол мектебінде жаттығатын балалар тобы 2011–2012 жылы туған командалар арасындағы балалар турниріне қатысу үшін Астана қаласына жол тартқан. Сапар алдында балалардың ата-аналары олардың жарысқа қатысуына және жол жүруіне келісім беріп, бұл келісім WhatsApp мессенджеріндегі ортақ чат арқылы расталған.

Алайда, балаларды тасымалдаған жекеменшік футбол мектебінің өкілдері бұл туралы жергілікті әкімдік пен құқық қорғау органдарына алдын ала хабарламаған.

"Айта кетейік, бұған дейін Балалардың құқықтарын қорғау комитеті барлық жергілікті атқарушы органдарға балаларды тасымалдауды ұйымдастыру тәртібі жөнінде арнайы нұсқаулықтар (алгоритм түрінде) жолдаған болатын. Аталған құжаттарда еріп жүруші тұлғалардың жауапкершілігі, көлік құралдарының техникалық жай-күйі, қажетті құжаттардың болуы және тасымалдау тәртібі нақты көрсетілген", - делінген хабарламада.

Ведомствоның мәліметінше, қазіргі уақытта 16 баланың 15-і үйлеріне оралды. Бір бала бүгін санитарлық авиация арқылы Павлодар қаласындағы облыстық балалар ауруханасына жеткізіліп, тұрғылықты жері бойынша ем қабылдауды жалғастырады. Павлодар облысының Бала құқықтары жөніндегі уәкілі зардап шеккен баланың анасымен тұрақты байланыста.

Еске салайық, қайғылы оқиға Астана - Ерейментау - Шідерті тасжолында (Ақмола облысы) болды: 14-16 жас аралығындағы 16 бала мінген шағын автобус аударылып қалды.

Жүргізуші жүк көлігінен басып озбақ болған, бірақ тізгінге ие бола алмай қалған. Балалар Павлодардан Астанаға жарысқа бара жатқан.