70-ке жуық авиакомпания Қытайға рейстер орындаудан бас тартты

0
851

Бүгінде Қытайда коронавирусты жұқтырудың расталған 68 500 жағдайы тіркелді.


70-ке жуық авиакомпания Қытайға рейстер орындаудан бас тартты

ERNUR.KZ. Әлемде 70-ке жуық авиакомпания Қытайға рейстер орындаудан бас тартты. Бұл туралы Біріккен ұлттар ұйымы (БҰҰ) Халықаралық азаматтық авиация ұйымына (ИКАО) сілтеме жасап мәлім етті, деп жазады ҚазАқпарат.

«Халықаралық азаматтық авиация ұйымының (ИКАО) ақпаратына сәйкес, бүгінде коронавирустың өршуіне байланысты әлемнің 70-ке жуық авиакомпаниясы Қытайға сапарларын тоқтатты. Тағы 50-і бұл елге рейстерін қысқартты. Осыған байланысты авиакомпаниялардың шығыны 4-5 млрд доллар шамасында бағалануда. Бұл сомада Қытайға халықаралық әуе жүк тасымалдарын және ішкі әуе тасымалдарын қысқартудың салдары ескерілмеген. Авиатасымалдарды қысқартудан тек Жапонияның өзі туризмнен 1,3 млрд доллар, ал Таиланд 1,2 млрд доллар жоғалтуы мүмкін», - делінген БҰҰ сайтында.

Мәлім етілгендей, ИКАО коронавирустан келетін зардап 2003 жылы SARS эпидемиясынан болған шығындардан көп болатынына қауіптенеді.

Бүгінде Қытайда коронавирусты жұқтырудың расталған 68 500 жағдайы тіркелді.

Қытайға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) командасы аттанды

Осы демалыстарда Қытайда ДДҰ жетекшілік ететін миссия өз жұмысын бастайды. Оларға жұмбақ коронавирус эпидемиясын зерттеу міндеттелді.

«Барлық команда демалыс күндері келетіні күтілуде. Миссия құрамына 12 халықаралық сарапшы және ДДҰ сарапшылары, сондай-ақ Қытайдың осындай көлемдегі сарапшылары енген», - деді ДДҰ Бас директоры Тедрос Гебрейесус.

Еуропа «қарулануда»

Еуропада коронавирус жұқтырудың бірнеше жағдайы тіркелді. ДДҰ сарапшылары вирустың одан ары өршуін тоқтату оның патогенін шұғыл анықтаған жағдайда ғана мүмкін болатынына сенімді. Осы ретте, ДДҰ-ның Еуропалық бюросы барлық елдерді вирусты жедел зерттеу, оның таралуына тосқауыл қою және инфекцияланғандарды емдеу үшін барлық қажетті ресурстармен «қарулануға» шақырды. Ал бұл, медицина мамандары күдікті жағдайларға жылдам әрекет етіп, байланыста болған адамдарды дереу анықтау қажеттігін білдіреді. Ал тиісті ведомстволардың өкілдері қажетті құрал-жабдықтардың болуына және медперсонал үшін нұсқаулықтар шығарылғанына көз жеткізуі керек. Халық болса қауіп туралы хабардар етіліп, оны барынша азайту жолдарын білуі тиіс.

Балқан түбегінде, Оңтүстік Кавказда және Орталық Азияда өңірлік орталықтар құрылды

Техникалық қолдау көрсету контексінде ДДҰ-ның Еуропалық бюросы төтенше жағдайларға дайын болуды қамтамасыз ету бойынша өз топтарын нығайтты. «Олар үш географиялық орталықта орналасқан: "Балқан түбегінде, Оңтүстік Кавказда және Орталық Азияда. Қазіргі уақытта бұл жерлерде зертханалар мен ауруханалардың дайындығын қамтамасыз ету, сондай-ақ төтенше жағдайларға әрекет ету жоспарларын дайындау бойынша мамандар жұмыс атқаруда. Олар жекелеген мемлекеттер деңгейінде кез келген уақытта медицина мамандарына және билік өкілдеріне көмекке келуге дайын», - делінген БҰҰ мәліметінде.

Өңірлік 6 зертханадан тұратын реестр

«Бұған дейін ДДҰ-ның Еуропалық бюросының бас көз болуымен 6 зертханадан тұратын реестр құрылған болатын. Оларға «өңірлік» дәрежесі берілді. Олар ұлттық деңгейде жұмыс істейтін өзге зертханаларға қолдау білдіруге бағытталған. Бұл реестрде Германия, Нидерланды, Ресей, Ұлыбритания және Франция зертханалары енген. ДДҰ-ның Еуропалық одағы вирус туралы ақпараттарды бақылап, жалған мәліметтерге жол бермеуді қадағалауда. Бұл ретте, көптеген компаниямен, соның ішінде әлеуметтік желідегі компаниялармен ынтымақтастықты жолға қойды», - делінген мәліметте.