Орск қаласындағы бөгет Жайық өзенінің ағынын ұстай алмай, екі жерден жарылған.
ERNUR.KZ. Жергілікті халық қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр, деп жазады inbusiness.kz.
"Ресейдің Қазақстанмен шекаралас оңтүстігіндегі Орынбор облысында бөгет бұзылып, мыңдаған адам үйлерінен эвакуацияланды", - деп хабарлайды жергілікті билік.
ТАСС агенттігінің дерегінше, Орск қаласындағы бөгет Жайық өзенінің ағынын ұстай алмай, екі жерден жарылған. Агенттіктің өзге бір мәліметіне қарағанда, су тасқыны салдарынан кем дегенде үш адам қаза тапты.
РФ үкіметі аймақтағы 4 208 адамның қауіпсіз жерге көшірілгенін және солардың 1019-ы бала екенін, ал 82 200 тұрғынға арналған 495 уақытша орналастыру орталығы дайындалып жатқанын мәлімдеп отыр.
Облыс билігінің ақпаратына жүгінсек, сенбі күні таңертең Жайық өзенінің деңгейі бөгеттің күші жететін деңгейден екі есеге жуық жоғары болды.
Ұзындығы шамамен 2 428 шақырым болатын Жайық өзені Орал тауларының оңтүстігінен бастау алып, Ресей мен Қазақстан арқылы Каспий теңізінің солтүстік шетіне құяды.
"Бұл бөгеттің бұзылуы гидротехникалық құрылыстың дұрыс жүргізілмегендігінен орын алып, қылмыстық іс қозғалды", - деп хабарлайды облыстық прокуратура.
Осы күнге дейін алып дамба қаланы Жайық өзенінің суынан қорғап тұрды. Бірақ сенбі күні таңертең алапат тасқын қаланың бірнеше ауданына жетіп, 2400-ге жуық тұрғын үйді басып қалды.
"Орынборда төтенше жағдай режимі енгізіліп жатыр. Тасқын бізге таңдау қалдырмады; түнде [өзен] деңгейі критикалық дәрежеге жетуі мүмкін. Баршадан су басқан аймақтардағы үйлерін дереу тастап кетуін талап етемін. Өз еркімен көшуден бас тартқандар полиция қызметкерлерінің қатысуымен мәжбүрлі түрде эвакуацияланады", - деді Орынбор облысының басшысы Сергей Салмин сенбі күні Telegram желісіндегі жазбасында.
230 мың тұрғыны бар Орск қаласы Ресейдің Қазақстанмен шекарасына жақын жерде орналасқан.
Соңғы күндері Ресейдің Сібір және Орал таулары аймағы мен Қазақстанның осы өңірлермен көршілес облыстары тасқын су астында қалды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдегендей, бұл тасқын ауқымы мен әсері жағынан Қазақстанда соңғы 80 жылда болған ең ірі табиғи апат болуы мүмкін.