Егер банктер ақпарат беруден бас тартса, сенаторлар оларға қатаң шаралар қолдануды, қажет болса мемлекеттік тексеру жүргізуді талап етпек.
АҚШ сенатындағы Демократиялық партия өкілдері халықаралық ірі банктерден "Кремль тізіміне" енгізілген ресейліктерге тиесілі есепшоттар туралы ақпарат беруді талап етті. Мұндай талап хатты сенаторлар Джин Шахин мен Шелдон Уайтхаус ірі үш америкалық және бес еуропалық банкке таратты. Бұл жайында Азаттық Радиосы Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Хат америкалық Bank of America, JPMorgan Chase және Citibank банктеріне, германиялық Deutsche Bank, британдық Barclays пен HSBC банктеріне, швейцариялық UBS және Credit Suisse банктеріне жіберілген. Сенаторлар банктерден олардың соңғы бес жылда қандай да бір есепшоттың "Кремль тізіміне" енген ресейліктерге қатысы бар-жоғын тексергені туралы және оның қорытындысы жайлы ақпарат беруді сұрайды.
Егер банктер ақпарат беруден бас тартса, сенаторлар оларға қатаң шаралар қолдануды, қажет болса мемлекеттік тексеру жүргізуді талап етпек.
Шахин мен Шелдонның бастамасы АҚШ Конгресінің Ресейдің бүкіл әлемдегі "басқыншылық саясатына" жауап ретінде Кремльге қысым көрсетудегі кезекті қадамы ретінде қарастырылып отыр.
30 қаңтарда АҚШ Қаржы министрлігі «Кремль есебі» деп аталатын, Ресей президенті Владимир Путинге жақын және санкция салынуы мүмкін адамдардың тізімін жариялаған. Тізімде 210 адам, оның ішінде Ресей үкіметінің мүшелері, Путин әкімшілігінің қызметкерлері, мемлекеттік компаниялардың жетекшілері, күш құрылымдарының басшылары мен бизнесмендер бар.