17 тамызда Салех бірнеше жазба жариялады.
ERNUR.KZ. Ауғанстанның вице-президенті Амрулла Салех ел конституциясына сүйене отырып өзін уақытша президент жариялап, "Талибан" (Жоғарғы сот шешіміне сәйкес қозғалысқа Қазақстанда тыйым салынған) қозғалысымен күреске шақырды, деп жазады Tengrinews.kz.
17 тамызда Салех бірнеше твит жариялаған. Онда қазіргі уақытта өзі Ауғанстанда екенін, президент міндетін атқарушы ретінде барлық лидерден қолдау күтетінін жазған.
Сонымен қатар, Салех "Талибан" қозғалысымен күресте бірігуге шақырады.
"АҚШ пен НАТО-ға қарағанда біз рухымызды жоғалтпадық, алда зор мүмкіндіктер барын көріп отырмыз. Пайдасыз мәймөңкелеу аяқталды. Қарсылыққа қосылыңыздар", - деп мәлімдеді Амрулла Салех.
"Мен ешқашан, қандай жағдай болса да тәліп лаңкестері алдында бас имеймін. Жанымды сатпаймын, батыр, қолбасшы, аңыз әрі ұстаз Ахмад Шах Масудтың мұрасын сатып кетпеймін. Мені тыңдаған миллиондарды жерге қаратпаймын. Мен ешқашан "Талибанмен" бірге болмаймын. Ешқашан", - делінген Салехтің тағы бір твитінде.
Еске салайық, 15 тамызда "Талибан" қозғалысының содырлары Ауғанстанның астанасы Кабулды басып алып, президент сарайына басып кірді. Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елден кетті. Талибан Ауғанстан Ислам Әмірлігін құруға ниет білдірді. Кабул әуежайында дүрбелең басталды - Ауғанстаннан шығудың жалғыз жолы. Мыңдаған адам елден кету үшін, Кабул әуежайындағы әскери ұшаққа жармасты.