БАӘ шейхі Назарбаевқа: Біз Сізді үлкен ағамыз деп санаймыз

0
1 250

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Абу-Дабидің тақ мұрагеріне оның әкесі шейх Заид бен Сұлтан Әл Наһаянның Қазақстанда басып шығарылған «Бірігудің күш-қуаты» атты кітабы мен «Астанаға 20 жыл» мерейтойлық медалін сыйлады.


БАӘ шейхі Назарбаевқа: Біз Сізді үлкен ағамыз деп санаймыз

суреттер: akorda.kz

ERNUR.KZ. Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктерінің Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянмен кездесті, хабарлайды ERNUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері арасында берік достық қарым-қатынас орнағанын айтып, тақ мұрагеріне жұмыс кестесінің тығыздығына қарамастан, елімізге ресми сапармен келгені үшін ризашылық білдірді.

Екі жақты достық қатынастардың арқасында елдеріміздің бизнес және мемлекеттік құрылымдары арасындағы ынтымақтастық дамып келеді. Сауда-саттық көлемі 2 есе өсті. Біз инвестицияны қорғау және салық салу саласында уағдаластықтарға қол жеткіздік, – деді Қазақстан Президенті.

Сондай-ақ, Нұрсұлтан Назарбаев су энергетикасы, газ және химия кешенін тұрғызу салаларындағы жобаларды одан әрі іске асыру мәселелеріне тоқталды.


Мемлекет басшысы Біріккен Араб Әмірліктерінің ғылым мен технологияны дамыту үшін атқарып жатқан жұмыстарын атап өтіп, екі ел арасында енгізілген визасыз режімнің тиімділігін айтты.

Қазақстан Президенті Біріккен Араб Әмірліктерінің қолдауымен қолға алынған әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысына тоқталды.

Абу-Дабидің тақ мұрагері Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен шейх Заид бен Сұлтан Әл Наһаянның күш-жігерлерінің арқасында екі ел арасында достық әрі тығыз байланыстар қалыптасқанын атап өтті.

Елдеріміз арасында бауырластық қатынас орнаған. Біз Сізді үлкен ағамыз деп санаймыз. Өмірлік тәжірибеңіз мол. Сізді құрмет тұтамыз. 30 жыл бұрын Қазақстан осындай өзгерістерді бастан өткереді деп ешкім күтпеген еді. Қазір Қазақстан – көшбасшы ел, өңірдегі жетекші мемлекеттердің бірі. Осының бәріне Сіздің көрегендігіңіз бен пайым парасатыңыздың арқасында қол жеткізілді, – деді шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаян.

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Абу-Дабидің тақ мұрагеріне оның әкесі шейх Заид бен Сұлтан Әл Наһаянның Қазақстанда басып шығарылған «Бірігудің күш-қуаты» атты кітабы мен «Астанаға 20 жыл» мерейтойлық медалін сыйлады.


Айта кетейік, Шейх Мұхаммед бен Заид Әл Наһаянның Қазақстан Республикасына ресми сапарының қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:

– Қазақстан Республикасы мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы Сотталған адамдарды беру туралы шарт;

– Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Мәдениет және білімді дамыту министрлігі арасындағы Мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

– Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен Біріккен Араб Әмірліктерінің «Сауаб» радикалсыздандыру халықаралық орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум.