​Бразилияда жемқорлардан яхталар мен зәулім үйлер тәркіленді

0
1 467

1 миллиард долларға жуық ақшаны 52 елдің оффшорына салған топ құрамында Бразилияның көптеген ықпалды саясаткерлері мен кәсіпкерлері бар болып шықты.


​Бразилияда жемқорлардан яхталар мен зәулім үйлер тәркіленді

Бразилияда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ең ауқымды шара басталды. Елдегі қаржылық алаяқтыққа қатысы бар саясаткерлер мен кәсіпкерлер бірінен соң бірі тұтқындалып жатыр деп хабарлайды 24.kz.

Прокуратура 53 адамды қамауға алуды бұйырды. Олардың қатарында билік басында отырған жоғары лауазымды тұлғалар бар. 1 миллиард долларға жуық ақшаны 52 елдің оффшорына салған топ құрамында Бразилияның көптеген ықпалды саясаткерлері мен кәсіпкерлері бар болып шықты. Ұсталғандардың лауазымы тым жоғары болғандықтан олардың бақылауында болған компаниялардың беделіне нұқсан келмес үшін полиция күдіктілердің атын жарияламай отыр. Әзірге Бразилия прокуратурасы 53 адамды қамауға алуды бұйырғаны белгілі. Айыпталушылар алаяқтық пен сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар деген күдікпен ұсталған. Диего Мустельеро, заңгер: - Күдіктілерді қамауға алу шарасы бүкіл ел бойынша жүргізілді. Кейбірі үйінде, кейбірі жұмыс орнында тұтқындалды. Айыпталғандардың көбі заңға бағынбай қарсы шықты. Өйткені олар көп жылдан бері өздерін заңнан биікпіз деп санап келген. Бразилия билігі бұл операцияны ел тарихындағы ең ауқымды шаралардың бірі деп атады. Сонымен қатар прокуратура алаяқтыққа қатысы бар тағы екі адамды Эквадорда тұтқындады. Бразилия соты қылмыскерлердің 2 миллиардтан көп қаржысы мен тауарын тәркілеуге пәрмен беріп, қаулы шығарды. Оливио Вейро, полиция қызметкері: Күдіктілерден алтын бұйымдар, қымбат көліктер, яхталар мен зәулім сарайлар тәркіленді. Саясаткерлердің сән-салтанатта өмір сүріп, осынша байлыққа қалай ие болды деп ешкім сұрамайды деген сенімдеріне таңғаламын. Әрине, мұндай молшылық заңды жолмен келмегені анық. Бұған дейін Бразилия билігі «Автожуу» атты арнайы акцияны ұйымдастырып, жоғары лауазымды тұлғалардың заңсыз жолмен тапқан ақшаларының ізін 13 жыл бойы жасырып жүрген қылмыстық желі туралы барлық мәліметті жинастырған болатын. Осы жолмен 40 миллиард доллар қаржы бірнеше адамның қалтасында кеткені белгілі болды. Халықаралық қаржылық синдикатқа Эквадор, АҚШ, Мексика, Қытай мен ТМД елдерінің де қатысы бар болып шықты.