Еуроодақ "Спутник V" вакцинасын тіркеу туралы өтінімді қабылдады

0
2 607

​Ресейдің тікелей инвестициялар қоры "Спутник V" вакцинасын Еуроодақта тіркеу туралы өтінім жолдады.


Еуроодақ

ERNUR.KZ. 19 қаңтар күні Дәрілік заттар жөніндегі агенттік (ЕМА) "Спутник V" вакцинасын әзірлегендер үшін ғылыми консультация жүргізді. Осыдан кейін Еуроодақта препаратты тіркеуге өтінім беру мүмкін болды. Ресейдің тікелей инвестициялар қоры он күннен кейін, яғни, 29 қаңтарда Брюссельге сәйкес өтінім жолдады, деп жазады sputnik.kz.

"Өтінім қабылданғаны туралы Дәрілік заттар жөніндегі агенттіктің ресми растауы қорға келіп түсті. Өтінімді мақұлдау жеделдігі ЕМА-ға тәуелді мәселе", - деп түсіндірді Ресейдің тікелей инвестициялар қоры.

Бұған дейін ЕМА аталған өтінім әлі жетпегенін хабарлаған болатын.

Еуроодақ тарапынан шартты тіркеу куәлігі берілген және мақұлданған жағдайда ресейлік вакцина Еуроодақ аумағына орталықтандырылған түрде жеткізіле бастайды. Еуроодақ мақұлданған алғашқы вакциналар пайда болғанға дейін-ақ препараттарды орталықтандырып сатып алу туралы шешім қабылдаған болатын. Жалпы алты өндірушімен келісімшарт жасалды.

Қазір Еуроодақ нарығында Pfizer/BioNTech (600 миллион дозаға дейін сатып алу жоспарлануда), Moderna (160 миллион доза) және AstraZeneca (400 миллион дозаға дейін) компанияларының препараттары мақұлданды. Сонымен қатар, Еурокомиссия Johnson&Johnson, Sanofi-GSK, CureVac компанияларының вакциналарын Еуроодаққа жеткізу туралы мәмілеге келді. Бірақ, бұл кәсіпорындар әзірше өтінім берген жоқ. Жақын уақытта J&J сәйкес өтінім жолдай алады.

Осылайша, Еуроодақ елдеріне коронавирусқа қарсы вакциналардың 2,3 миллиардтан астам дозасы жеткізілуі мүмкін. Жазға дейін еуропалықтардың шамамен 70%-іне екпе салу жоспарда бар. Бірақ, соңғы күндері Pfizer/BioNTech пен AstraZeneca препараттарын Еуроодаққа жеткізуде біршама қиындықтар туындады. Бұл Брюссельдің вакциналауға қатысты ауқымды жоспарын жүзеге асыруға кедергі келтіруі мүмкін.