Күзде және қыста тұмау және ковид вирустары бір уақытта қатар жүреді.
ERNUR.KZ. Алдағы таяу аптада Еуропада COVID-19 жаңа толқыны басталады. Бұл туралы Еуропалық дәрі-дәрмек агенттігінің басшысы ескертті, деп жазады ulysmedia.kz.
Баспасөз мәслихаты барысында аталмыш агенттік өкілдері коронавирус пандемиясы аяқталмағанын және омикрон нұсқасы мутацияны жалғастырып жатқанын еске салды. Олардың сөзінше, кейбір мутациялар қатты алаңдаушылық тудырып отыр.
«Өткен аптада омикронның BQ.1 деп аталатын жаңа нұсқаларының бірі Еуропалық одақ пен Еуропалық экономикалық аймақтың кем дегенде бес елінде анықталды. Еуропалық аурулардың алдын алу және бақылау орталығының мәліметі бойынша BQ.1, сондай-ақ BQ.1.1 деп аталатын әрбір топ бөліктері қарашаның ортасынан желтоқсанның басына дейін үстемдік көрсетеді», - деді Марко Кавалери.
Күзде және қыста тұмау және ковид вирустары бір уақытта қатар жүреді. Осыған байланысты еуропалықтарға екі вакцинаны да, әсіресе әлсіз топтағы адамдарға егу ұсынылады. Қолданыстағы вакциналар әзірге тиімді. Алайда, коронавирус тезірек мутацияға ұшырап жатыр, дейді ғалымдар.