Ол қазіргі Күннен бес есе ыстық екен.
Қазнетте Қытайда «жасанды Күннің» іске қосылғаны жайлы бейнеролик таратылуда. Ол қазіргі Күннен бес есе ыстық екен. Бұл жалған, деп хабарлайды ERNUR.KZ stopfake.kz-ке сілтеме жасап.
Шын мәнінде, видеода «Shiyan-7» жерсеріктері бар «Long March 12А» зымыранын ұшыру сәті көрсетілген. Зымыран 2021 жылғы 23 желтоқсанда Вэньчан ұшыру кешенінен таңғы 5:12-де ұшырылды.
Reuters басылымының хабарлауынша, видеода зымыранды ұшыру сәті түсірілгенін Желіде тараған жағажайда жиналған адамдардың суреттері растайды. Бұл фотосуреттер «жасанды Күнді іске қосу» туралы видеодағы кадрларға ұқсас. Фотосуреттер 23 желтоқсанда шамамен зымыран ұшырылған кезде жарияланған.
Айта кетейік, қытайлық ғалымдардың «жасанды күн» деп аталатын жоба бойынша жұмыс істеп жатқаны рас. Алайда, бұл қолдан жасалған аспан денесі емес, үлкен термоядролық реактор. Ол Қытайдың оңтүстік-батысындағы Сычуань провинциясының астанасы Чэнду қаласындағы Оңтүстік-Батыс физика институтында орналасқан.
Ол таза және шексіз энергия көзін алу үшін салынды. Ғалымдар нақты жұлдыздарда болатын реакцияны – өте жоғары қысым мен температурада гелий түзіп, сутегі атомдарының қосылуын модельдеуге тырысатындықтан, реактор «Жасанды күн» деп аталады. Бұл үшін олар негізгі екі элементті қолданады – дейтерий және тритий. Олар бір-біріне қосылып, гелий түзіп, көп энергия шығарғанға дейін қыздырылады.
Биыл 10 қаңтарда БАҚ «жасанды күн» ең ұзақ тұрақты ядролық синтез бойынша әлемдік рекорд орнатқанын хабарлады. Реакция 17 минуттан астам уақытқа созылды. Сонымен қатар, соңғы тәжірибеде қыздырылған плазма температурасы Фаренгейт бойынша 126 миллион градусқа (одан да артық) жетті— Күннің бетінде Фаренгейт бойынша 10 000 градус және ядрода Фаренгейт бойынша шамамен 27 миллион градус болатынына қарағанда, бұл шамамен бес есеге көп.
Мұндай қуатты реактор плазманың ағып кетуінен сенімді қорғалған және реакция тек оның ішінде ғана жүреді. Сондай-ақ, оның көлемі үлкен және оны сыртқа шығарып, нақты Күнмен алмастыру мүмкін емес екені анық. Мұны фин қауіпсіздік маманы Янне Альберг өзінің HoaxEye Twitter-дегі аккаунтында растайды. Сондай-ақ, «Жасанды күнді іске қосу» туралы видео мәтінінде «Күнді жабу» бастамасын Билл Гейтс көтерді деп жазылған. Біз бұл фейкті бұған дейін жоққа шығарған болатынбыз.
Демек, «жасанды күнді» іске қосу туралы хабарламалар жалған ақпарат болып табылады. Видеода зымыран ұшыру сәті көрсетілген. «Жасанды Күн» – бұл жерде салынған және оны ғарышқа ұшыру мүмкін болмағандықтан ешқандай жұлдызды алмастыра алмайтын термоядролық реактор.