Ferrari мен Pirelli басшылары карантин кезінде волонтер болып жүр

0
722

Pirelli Motorsport басшысы бұл оңай жұмыс емес екенін мойындайды.


Ferrari мен Pirelli басшылары карантин кезінде волонтер болып жүр

ERNUR.KZ. Италияда атағы кеңге тараған жарыс көліктерін шығаратын Ferrari және Pirelli компанияларының иелері коронавируске байланысты жедел жәрдем бригадаларына волонтер болып барды, деп жазады ҚазАқпарат.

Formula1.com ресми сайтында Pirelli Motorsport басшысы Марио Изоланың коронавирусқа шалдыққан адамдарға шұғыл шығатын бригадалардың құрамында парамедик болып жұмысқа орналасқаны жазылады.

«50 жастағы Изоланың аяқ астынан дәрігерлік қабілет пайда болды деп ойлап қалмаңыздар. Ол жас кезінде парамедиктің оқуын оқыған. Ауру жұқтыру қаупіне қарамастан, Pirelli басшысы үйде карантинде отырмай, парамедиктер командасына тұрақты түрде көмегін беріп тұрады», - делінген ақпаратта.

Изола бір минут та ойланбастан жедел жәрдемде жұмыс істеуге келіскені айтылады. Оның бірінші ауысымы 5 сәуірде өткен. Әрбір ауысым 10-12 сағатқа созылады.

Pirelli Motorsport басшысы бұл оңай жұмыс емес екенін мойындайды.

«Өте ауыр. Бұл вирус қауіпті, біз тілсіз жаумен күресіп келеміз. Әрбір шығар кезде пациенттерімізді қосымша қауіптен сақтау үшін жедел жәрдем көлігін өңдеп, жуып-шаюға 30 минут уақыт кетіреміз», - дейді ол.

Ал Ferrari командасының бұрынғы басшысы Маурицио Арривабене туған елі Италияға вируспен күресуге көмектесіп жатқанын ешкімге жария етпеген. М. Арривабене салоны сәнді Ferrari-ді жедел жәрдем көлігіне ауыстырды.

«Арривабене вирус өршіген кезде жедел жәрдем көлігіне отырғанын ешкімге айтқан жоқ. Бір сөзбен айтқанда, ол оның жүргізушісі болды!», - деп мәлім еткен Италия журналисі Лео Турриниге «Формула 1» компаниясындағы дереккөз.

Ferrari-ді 2014-2019 жылдары басқарған Арривабене өзінің ауыр мінезімен танылған екен.

«Бұрқылдақ болса да, жүрегі кең Арривабене ешкімге ештеңе айтпауды ұйғарды. Алайда вирус өршіген кезден бастап ол жедел жәрдем көлігін жүргізіп, егде жастағы адамдарды ауруханаға жеткізіп жүр», - деп жазған Il Resto del Carlino газеті.

Бүгінде Италияда коронавирус инфекциясын жұқтырудың 210 700-ден астам оқиғасы тіркелді. Індеттен 29 мыңға жуық адам қайтыс болды.