Иранда наразылық акциясына қатысқан бірнеше қыз полицияның қолынан көз жұмды

0
654

Иранда хиджабты дұрыс кимегені үшін полиция тұтқындап, артынша көз жұмған Махса Аманидің өлімінен кейін жаппай наразылық акциялары басталған.


Иранда наразылық акциясына қатысқан бірнеше қыз полицияның қолынан көз жұмды

ERNUR.KZ. Әйелдер көшеде хиджабтарын шешіп, көптің көзінше өртеп жіберген. Наразылық акциясы кезінде бірнеше қыз полиция қолынан ажал құшты, деп жазады stan.kz.

16 жастағы Ника Шакарами Иран астанасы Тегеранда әпкесімен бірге тұрған. 20 қыркүйекте ол үйінен шығып, наразылық білдірген топқа қосылмақ болған. Ника көз жасаурататын газ шашқан жағдайда пайдалану үшін орамал мен су да алған.

Наразылық акциясына қатысқан ол әпкесіне хабарласып, полиция ізіне түскенін айтқан. 10 тәуліктен соң Никаның денесі мәйітханадан табылды. Полицейлер қыздың биіктен құлап кеткенін айтып, дәлел ретінде суреттерді ұсынған. Ал мәйітті тану үшін кіргенде тек бетін ғана көрсеткен. Жақындары қыздың бетінде көгерген іздер болғанын айтады.

Никаны отбасы жерлей алмаған. Себебі полиция оның мәйітін жасырын алып шығып, Тегераннан 40 шақырым жерде көміп тастапты. Ислам революциясы күзет корпусының ресми емес қызметкерлері Никаның бір апта қамауда болғанын айтқан. Бұл уақытта полицейлер тиісті жауап алу үшін қызды тергеген.

Ал 22 жастағы Хадис Наджади 21 қыркүйекте наразылық акциясына қатысқан. Алайда бір сағаттан кейін оқ жарақатын алып, көз жұмды.

"Қызымды хиджаб үшін, Махса Амини үшін өлтірді. Ол наразылық акциясына шыққан. Оқ ішіне, жүрегіне және мойнына тиген. Денесі мен бетінде көгерген іздер бар", – деді Хадистің анасы.

Билік Хадисті көпшілікпен бірге жерлеуге рұқсат бермеген. Сонымен қатар отбасына қызды жол апатынан көз жұмды деп айтуға бұйырған.

55 жастағы Мину Маджиди наразылық кезінде 20 қыркүйекте көз жұмған. Кейін қызы анасының зиратында түскен суретін жариялады. Суреттен қыздың шашын қиып, қолында ұстап тұрғанын көруге болады. Ол мұны хиджабқа қарсылығы ретінде жасаған.

Еске салайық, бұған дейін Иранның рухани көсемі Әли Хаменей елдегі үлкен наразылықтар туралы пікір білдірген еді. Әли Хаменей Амини қайтыс болғаннан кейін басталған елдегі көтерілістерді "жоспарланған тәртіпсіздіктер"деп мәлімдеді. Оның пікірінше, мұның бәрін АҚШ пен Израиль ұйымдастырған.