Елдің жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи сайлау процесі басталған бойда дауыс беріп, барша ирандықтарды сайлауға белсенді қатысуға шақырды.
ERNUR.KZ. 28 маусымда Иранда кезектен тыс президент сайлауы басталды, деп жазады inform.kz.
Елдің жоғарғы көшбасшысы аятолла Әли Хаменеи сайлау процесі басталған бойда дауыс беріп, барша ирандықтарды сайлауға белсенді қатысуға шақырды. Ол сондай-ақ дауыс бергеннен кейін Иран халқы үшін ең жақсы күндер мен жылдар үшін дұға етті. Сайлау күнін ирандықтар үшін «бақыт пен қуаныш күні» деп сипаттаған Хаменеи алдағы бірнеше жылдағы елдің тағдырын белгілейтін президенттік сайлауға келу бәрінен де маңызды екенін баса айтты.
«Иран Ислам Республикасының әлемде жалғасуы, абыройы, қадірі мен қуаты халықтың бар болуына байланысты», – деді Хаменеи.
Ел бойынша сайлау учаскелері жергілікті уақытпен таңғы сағат 8:00-де ашылды және сайлау процесі он сағатқа созылады. Бірақ қажет болған жағдайда елдің Ішкі істер министрлігі сайлау мерзімін ұзарта алады. Ел ішінде және шетелде жалғасып жатқан сайлауға 61 миллион 450 мыңнан астам ирандық сайлаушы қатыса алады. 2006 жылдың 28 маусымында немесе одан бұрын туған ирандық дауыс беруге құқылы.
Республика бойынша 59 мыңға жуық сайлау учаскесі, оның ішінде 15 мыңнан астам жылжымалы учаскелер құрылған. Шетелдегі Иран азаматтарының қатысуы үшін 100 елде барлығы 340 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр.
Сайлау мамыр айында Иран президенті Ибрагим Раисидің қайтыс болуына байланысты мерзімінен бір жыл бұрын өткізіліп жатыр. 1979 жылы Ислам революциясының жеңісінен бергі 14-ші жаңа әкімшілік маусым айының аяғында немесе шілденің басында билікке келіп, төрт жыл қызмет етеді.
Айта кетейік, Иран Президенті әкімшілігінің басшысы Ролам Хусейн Эсмаили ел Президенті Раиси мінген тікұшақпен қатарласа ұшқан әуе кемесінде болған. Ол қайғылы оқиғаға қатысты тың мән-жайды айтып берген еді.