​Италияда жүргізуші мектеп автобусын ішіндегі балалармен қоса өртеп жіберді

0
1 192

Полиция мәліметінше, оқиға салдарынан 14 адам түтіннен уланған, дегенмен олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.


​Италияда жүргізуші мектеп автобусын ішіндегі балалармен қоса өртеп жіберді

ERNUR.KZ. Миланның төңірегінде жүргізуші ішінде 50-ден астам оқушы отырған автобусты айдап әкетті. Ол сол автобуспен бірнеше полиция көлігін соғып өтіп, сосын ішіндегі балалармен қоса өртеп жіберген. Оған дейін іштегі кей балаларды байлап тастаған, деп жазады ҚазАқпарат ВВС сілтеме жасап.

Италия полициясының мәліметінше, автобусты өртер алдында жүргізуші балаларға «Ешкім тірі қалмайды» деген. Алайда, шын мәнінде ешкім өлген жоқ, балалар автобустың артқы терезесі арқылы сыртқа шығып үлгерді. Терезені автобустың соңынан қуып жеткен полицейлер сындырған болатын.

Полиция мәліметінше, оқиға салдарынан 14 адам түтіннен уланған, дегенмен олардың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.

«Бұл нағыз ғажайып. Әйтпесе бір адам да аман қалмай, нағыз трагедия болар еді», - деді Миланның бас прокуроры Франческо Греко.

Жүргізуші тұтқындалды. Ол - Сенегалда туып-өскен 47 жастағы Италия азаматы екен. Автобуста балалармен бірге болған мұғалімнің сөзінше, жүргізуші Италияның көші-қон саясатына көңілі толмайтынын бірнеше рет айтқан.

Кей БАҚ өкілдері жүргізуші «Жерорта теңізіндегі адам өліміне тосқауыл қоюды» талап еткенін жазды.