Израильдің Газаға жасаған шабуылынан қаза тапқандар саны 7 мыңнан асты

0
591

Атқылау салдарынан 101 медицина қызметкері қаза тауып, 57 медициналық мекеме қирап қалды.


Израильдің Газаға жасаған шабуылынан қаза тапқандар саны 7 мыңнан асты

ERNUR.KZ. Израиль қоршауында қалған Газа секторына соңғы 24 сағатта жасаған шабуылдар салдарынан қаза тапқандар саны 481 адамға көбейіп, 7028-ге жетті, деп жазады azattyq-ruhy.kz.

Anadolu агенттігінің жазуынша, бұл туралы Газа денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Ашраф әл-Кудра мәлімдеген.

Оның айтуынша, эксклавтағы израильдік шабуылдардың құрбандары арасында 2913 бала, 1709 әйел және 397 қарт адам болған. Сонымен қатар Газа секторының 18 484 тұрғыны зардап шеккен.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі соңғы 24 сағат ішінде Израиль Газа секторында 43 жаппай шабуыл жасағанын атап өтті.

Қираған ғимараттардың үйінділері астында әлі де адамдар бар. Әл-Кудраның мәліметінше, 1650 адам, оның ішінде 940 бала із-түзсіз жоғалып кеткен.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі өңірдегі денсаулық сақтау саласындағы күрделі ахуалға да тоқталды.

«Шабуылдар нысанасы денсаулық сақтау мекемелері болып отыр. Израиль атқылауы салдарынан 57 медициналық мекеме қирап, 25 жедел жәрдем көлігі зақымданды, 101 медицина қызметкері қаза тапты, 12 аурухана мен 32 медициналық орталық толық қирап қалды», - деді әл-Кудра.

Палестина Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі мыңдаған науқас пен жаралылардың емделуін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдауға шақырды.