Қазақстандық мамандар Өзбекстандағы тұрғын үйлердің беріктігін тексереді

0
1 056

Ең бірінші эксперименталды 9 қабатты ғимараттың беріктігі тексеріледі.


Қазақстандық мамандар Өзбекстандағы тұрғын үйлердің беріктігін тексереді

ERNUR.KZ. 2018 жылдың қазан айында "ҚазҚСҒЗИ" АҚ орталық ғылыми-зерттеу зертханасының сарапшылары Ташкентте салынып жатқан үйге вибродинамикалық сынақ жүргізеді, деп жазады ҚазАқпарат.

Ең бірінші эксперименталды 9 қабатты ғимараттың беріктігі тексеріледі. Жүргізілген сынақ қорытындылары бойынша тұрғын үйді "Өзбекстандағы қолжетімді тұрғын үй" мемлекеттік бағдарламасының аясында үлгілік жоба ретінде әрі қарай пайдалану мүмкіндігі туралы тиісті шешім қабылданатын болады.

Өзбек әріптестермен қол жеткізілген келісімдерге сәйкес, сату және маркетинг жөніндегі менеджері Эркин Алимухамедов және BINOKOR үй құрылысы комбинатының бас технологы Кирилл Туляганов "ҚазҚСҒЗИ" АҚ орталық ғылыми-зерттеу зертханасына жұмыс бабымен келді. Ташкенттен келген әріптестерді вибродинамикалық машинаның жұмыс істеу қағидасы, сынаулар барысында алынған деректерді талдау кезеңдері, сондай-ақ вибродинамикалық сынаулардың қорытындылары бойынша ұсыныстар даярлау процесі қызықтырды.

"Ташкент Алматы сияқты сейсмикалық аумағы 9-10 баллға тең сейсмикалық қауіпті өңірлерге жатады. Бізде сейсмикалық қауіпті өңір үшін нормативтік құжаттар әзірленген, барлық ғимараттар соларды ескере отырып жобаланады, алайда біз натуралық сынақтар жүргізбейміз. Өкінішке орай, тиісті жабдықтар жоқ. Біз нарыққа талдау жүргіздік және натуралық вибродинамикалық сынақтарды ТМД бойынша тек Қазақстанда және Ресейде жүргізетіні анықталды. Біз ҚазҚСҒЗИ-ға жүгінген себебіміз, институттың сейсмикаға төзімді құрылыс саласында мол тәжірибесі бар. Сондай-ақ, институт мамандары Өзбекстанда бірнеше рет вибродинамикалық сынақтар жүргізген", - деді BINOKOR темірбетон бұйымдары зауытының сату және маркетинг жөніндегі директоры Эркин Алимухамедов.

2018 жылдың қазан айында "ҚазҚСҒЗИ" АҚ сарапшыларынан тұратын топ В3 типті вибродинамикалық машинаның көмегімен конструкцияға әсері 9-баллдық жер сілкінісіне тең болатын сынақ жүргізеді.