​Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Иманғали Тасмағамбетов алғыс хат жолдады

0
1 472

Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты «Түркістан сарайы» концерттік ұйымына алғыс хат марапатталды.


​Қазақстанның Ресейдегі Елшісі Иманғали Тасмағамбетов алғыс хат жолдады

Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Иманғали Тасмағамбетов Түркістан облысының Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасына қарасты «Түркістан сарайы» концерттік ұйымына алғыс хат жолдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

«Құрметті «Фараб» би театрының ұжымы! Тарихи тамыры тереңге бойлаған әз-Наурыз дана халқымызда қай кезде де еңсесі биік елдіктің, іргесі сөгілмес бірліктің, ырыс пен ынтымақтың мерекесі болып келген. Осы мерекенің Мәскеу қаласында өтуіне өз үлестеріңізді қосып қана қоймай, өнерлеріңізді паш етіп, келген қонақтарды таланттарыңызбен таң қалдырғандарыңыз үшін шынайы алғысымды білдіремін. Ұжымның өнері алдағы уақытта да өрге жүзіп, жаңа белестерді бағындыруына тілектеспін. Олай болса, би театрының ұжымына жаңа шығармашылық табыстар тілеймін»,- деді Елші Иманғали Тасмағамбетов алғыс хатында.

Бұл тұста, Мәскеу қаласында өткен Наурыз мерекесіне арналған шараға қатысуға тікелей ықпал еткен Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевке және облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Нұрдәулет Еркінұлына «Түркістан сарайы» концерттік ұйымының директоры Нұрлан Әділханов та алғысын жеткізді.

«Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінде және әлемнің 70-ке жуық елдері қатысқан "Навруз-2019" мейрамында өнер көрсеткен «Фараб» би ансамблі "Фараб", "Аққу", "Томирис" биімен қонақтардың ыстық ықыласына бөленді. Ресейлік саясаткерлер, мәдениет қайраткерлері, сондай-ақ Мәскеуде тіркелген шетелдік дипломатиялық корпус пен халықаралық ұйымдардың басшылық құрамы қатысқан Наурыз мерекесінде түркістандық өнерпаздардың өнеріне көпшілік тәнті болды. Жас би ұжымының елімізде ғана емес шетелдік сахналарда өнер көрсетуіне қолдау көрсеткен Қазақстанның Ресей Федерациясындағы Елшілігіне, Түркістан облысы әкімі мен облыстық Мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшылығына шынайы алғысымызды білдіреміз. Қазақ өнері мәңгілік өрлей берсін!»,-деді Нұрлан Ыдырысұлы.

Айта кетсек, құрылғанына жылдан асқан "Фараб" би тобы республикалық, халықаралық сахналарда өнер көрсетіп, Түркия Республикасының Бурса қаласында өткен XXXII "Алтын Қаракөз" Халықаралық би фестивалінде 23 мемлекеттің ішінен еліміздің намысын қорғап "ТҮРКСОЙ" Халықаралық ұйымының арнайы жүлдесіне ие болса, Түркияның Инегел қаласында өткен Мәдениет және өнер фестивалінде жүлделі бірінші орынды иемденген.