Бейрут орталығындағы халық тығыз орналасқан Рас-ән-Набаа ауданында Израиль әуе күштерінің шабуылынан тағы үш адам жарақат алды.
Фото: Al Manar TV
ERNUR.KZ. Ливанның «Хезболла» қарулы тобы жексенбі күні Израильдің Бейрут орталығындағы ғимаратқа жасаған соққысы салдарынан оның баспасөз хатшысы әрі БАҚ-пен байланыс басшысы Мохаммад Афифтің қаза тапқанын растады, деп жазады inform.kz.
Бейрут орталығындағы халық тығыз орналасқан Рас-ән-Набаа ауданында Израиль әуе күштерінің шабуылынан тағы үш адам жарақат алды.
Израиль әскері әдетте бейбіт тұрғындарды шабуыл алдында эвакуациялау керектігін ескертеді. Бұл жолы ғимаратқа ескертусіз шабуыл жасалды. Бейруттің оңтүстік шетіндегі Израильдің шабуылдары салдарынан босқынға айналған көптеген ливандықтар Рас-ән-Набаа аймағын паналады.
Израиль ақпарат құралдарының хабарлауынша, Афиф Бейрут орталығындағы Сирияның Баас партиясының штаб-пәтеріне жасалған шабуылда қаза тапқан. Ливандағы Баас партиясының басшысы Әли Хиджази Ливанның «Әл-Жадид» телеарнасына Афифтің ғимаратта екенін айтқан.
Мохаммад Афиф бірнеше жыл бойы «Хезболла» ұйымының «Әл-Манар» телеарнасын басқарған.
Афиф 27 қыркүйекте Бейруттың оңтүстік маңындағы Израиль әуе шабуылында қаза тапқан «Хезболла» бас хатшысы Хасан Насралланың ұзақ уақыт БАҚ жөніндегі кеңесшісі болған.
Жексенбі күні кешке Израиль әскері Афифтің көзін жойғаны туралы мәлімдеме жасады. Ливан Денсаулық сақтау министрлігі соққы салдарынан бір адам қаза тауып, үш адам жараланғанын хабарлады.
Израиль қорғаныс күштерінде оны «Хезболла» ұйымының басты насихатшысы және өкілі деп атады.
ЦАХАЛ Афифтің «жоғары лауазымды тұлғалармен байланыста болғанын және «Хезболланың» Израильге қарсы лаңкестік әрекеттерін насихаттауға және жүзеге асыруға тікелей қатысқанын» мәлімдейді.