Зерттеу түсік тастаулардың әдетте жүктіліктің 8-14 апталарында болатынын көрсетті.
ERNUR.KZ. Ғалымдар әртүрлі елдерде жүргізілген зерттеулер арқылы климаттың өзгеруінің жүкті әйелдердің денсаулығына әсерін талдады. Ауа райының өзгеруімен байланысты, әсіресе қатты ыстық, жүктілікке кері әсерін тигізіп, түсік тастау қаупін арттырады. Бұл туралы әртүрлі елдерде жүргізілген зерттеулердің нәтижелері дәлелдейді, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өткен жылдың қараша айында жариялаған «Аналардың, жаңа туған сәбилер мен балалардың денсаулығын климаттың өзгеруінің салдарынан қорғау» атты баяндамасына сәйкес, әлемнің көптеген аймақтарында жүкті әйелдер су тасу, ауыл шаруашылығы жұмыстары және ашық ауада тамақ дайындау сияқты міндеттерді орындау себебінен шамадан тыс шаршайды. Мұндай әйелдер сонымен қатар шыбындар арқылы таралатын инфекцияларға шалдығу қаупіне ұшырайды.
Мұндай жағдайлар гестациялық диабет, гипертониялық бұзылулар, мерзімінен бұрын босану және түсік тастау сияқты проблемаларды тудырады. Климаттың өзгеруінің ресурстарға теріс әсер етуінің нәтижесінде жүкті және босанғаннан кейінгі кезеңдегі әйелдер дұрыс тамақтанбай, су және гигиена жетіспеушілігінен зардап шегіп, психологиялық жарақаттардан қорғалмайды.
2023 жылы қараша айында Бангладеш, Италия және Қытай мамандарының қатысуымен Бангладештің жағалау аймақтарында жүргізілген зерттеу барысында ауаның температурасы 28-32 градус болған кезеңдерде түсік тастаулар саны 16-21 градус температура кезіндегі көрсеткіштен 25 пайызға жоғары болғаны анықталды. Зерттеу түсік тастаулардың әдетте жүктіліктің 8-14 апталарында болатынын көрсетті.