Сілекейді 70 долларға сатып алған.
иллюстрациялық фото
ERNUR.KZ. Түркияда автосалон қызметкері COVID-19 жұқтырған адамнан сілекей сатып алып, оны шайға араластырып, бастығына берген. Енді ол сот алдында жауап бергелі жатыр, деп жазады zakon.kz.
Автосалонның иесі Ибрагим Унверди өз қызметкеріне автокөлікті сату бойынша мәміле жасау үшін 215 мың түрік лирасын (12,7 миллион теңгеден астам) берген. Алайда келесі күні жұмысшысы бастығына қоңырау шалып, ақшаны несиесін төлеуге жұмсап тастағанын айтады.
Унвердидің айтуынша, басқа жұмысшылар бұған дейін өзін сол ер адамның өлтіргісі келгенін айтқан. Ол коронавирус жұқтырған адамнан бір құты сілекейді 70 долларға сатып алып, бастықтың шайына араластырған.
Алайда Унверди ол шайды ішпеген, сондықтан ол ауру жұқтырмаған. Осыдан кейін жұмысшысы бастығына "атып өлтіремін" деп қоқаңдаған. Бастығының телефонына жіберген хабарламаның бірінде: "Мен сені вируспен өлтіре алмадым, ал келесіде тура басыңнан атамын" деп жазылған.
Ақырында автосалон иесі полицияға арызданады, жұмысшы қамауға алынады. Ер адамға кісі өлтіруге оқталды деген айып тағылды.