Күйеуін қайтарамын деп нәрестесіне 10 ине тыққан әйел сотталды

0
1 602

Дәрігерлер операция арқылы алты инені алып тастады, қалған төртеуін кейін алмақшы


Күйеуін қайтарамын деп нәрестесіне 10 ине тыққан әйел сотталды

ERNUR.KZ. Тәжікстанда Рудаки ауданының 27 жастағы тұрғыны Мухайё Якубова баласына ине тыққаны үшін сегіз жылға сотталды. Сот процесс барысында Якубова өзінің 9 айлық баласы Мудассирдің денесіне қасақана он ине тыққаны анықталды. Салдарынан баланың денсаулығына ауыр зиян келген, деп жазады sputniknews.kz.

"Әйел Тәжікстан Қылмыстық кодексінің 110-бабы (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) бойынша кінәлі деп танылды. Ол үкім күшіне енгенге дейін бостандықта жүреді, он күннің ішінде сот шешіміне шағымдана алады", – деп атап өтті соттағылар.

Якубова кінәсін толығымен жоққа шығарып отыр. Журналистерге берген сұхбатында балаға ине тықпағанын және ешқашан олай істемейтінін мәлімдеді. Әйел үкімге шағым түсірмекші.

"Соттың үкімімен келіспеймін. Ол инелер ұлымның денесіне қалай кіргенін білмейтін. Ешқандай ана баласына бұлай істей алмайды. Алғашқы жауап алу кезінде зорлаймын, үлкен ұлыңды тартып аламын деп қорқытты. Бәрін мойныма алуыма тура келді", — деді ол.

Әйел өткен жылдың шілдесінде туыстары Мудассирдің денесінен ине тауып алғаннан кейін ұсталды. Бала Ұлттық медицина орталығына жеткізілді. Дәрігерлер операция барысында алты инені алып тастады, балаға бірден бірнеше ота жасауға болмайтындықтан қалған төртеуін кейін алмақшы. Мамандар инелер баланың денесінде кем дегенде үш ай тұрғанын айтады.

Милиция сол кезде әйел діни жоралғы жасай отырып, баласына қасақана он ине тыққан деп мәлімдеген болатын, айтуларынша, ол осылайша Ресейде жұмыс істеп жүрген күйеуін қайтармақ болған.